Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында сотталғандармен телемост ұйымдастырылды

Павлодар облысында №45 және №47 мекемелерінде сотталғандар, студенттер және білім беру ұйымдарының өкілдерінің қатысуымен профилактикалық телемосттар өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Атап айтқанда, №47 мекемеде Екібастұз қаласының Политехникалық колледжімен бірлесіп, жазасын өтеп жатқан сотталғандармен телемост ұйымдастырылды. Іс-шара тәрбиелік-профилактикалық жұмыс аясында өткізіліп, жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыруға, өмірлік құндылықтарға саналы көзқарас қалыптастыруға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталды.

Кездесу барысында студенттер құқыққа қайшы әрекеттердің салдарымен бетпе-бет келген адамдардың шынайы өмір оқиғаларын тыңдауға мүмкіндік алды. Ашық диалог форматы жастарға жауапты таңдау жасаудың маңыздылығы мен ойланбай жасалған әрекеттердің салдары туралы тереңірек ойлануға ықпал етті.

Сонымен қатар іс-шара аясында есірткі заттарының заңсыз айналымы мен жастарды қылмыстық әрекетке тарту мәселесіне арналған "Закладка" деректі фильмі көрсетілді. Фильм құқыққа қайшы әрекеттерге қатысудың ауыр зардаптарын және заң талаптарын сақтаудың маңызын айқын көрсетті.

Өз кезегінде, №45 мекемеде Торайғыров университетімен бірлесіп студенттермен профилактикалық телемост өткізілді. Онлайн кездесуге есірткі қылмыстары үшін жазасын өтеп жатқан сотталғандар қосылып, өз өмірлік оқиғаларымен бөлісті. Олар жастарға ойланбай жасалған әрекеттер мен есірткі қылмысына араласудың қандай салдарға алып келетінін түсіндірді.

- Осындай кездесулердің басты мақсаты — жастарға құқыққа қайшы әрекеттердің нақты салдарын жеткізу. Студенттер сотталғандардың өмірлік оқиғаларын өз аузынан естіген кезде, бұл оларға ерекше әсер беріп, заңның, жауапкершіліктің және дұрыс таңдау жасаудың маңыздылығы туралы ойлануға себеп болады, — деп атап өтті Ниязбек Ілиясов.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға, адамгершілік құндылықтарды нығайтуға және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру