Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Балаларды қорғау күні: Маңғыстау полициясы бүлдіршіндерді қуантты

Маңғыстау облысы полиция департаментінде Балаларды қорғау күніне орай сақшылардың балаларына арналған мерекелік іс-шара өткізілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Маңғыстау облысы полиция департаментінде Халықаралық балаларды қорғау күніне орай ішкі істер органдары қызметкерлерінің балаларына арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Кішкентай қонақтар үшін шығармашылықты, ойын-сауықты және полиция қызметімен танысуды қамтыған мазмұнды бағдарлама әзірленді. Мерекенің ерекше бөлігінің бірі 3 пен 10 жас аралығындағы балалар арасында “Менің ата-анам полиция қызметкері” тақырыбында өткен асфальтқа сурет салу байқауы болды.

Балалар өз жұмыстарында полиция формасындағы ата-аналарын, қызметтік көліктерді, мемлекеттік рәміздерді, сондай-ақ қауіпсіздік пен әділдік туралы өз түсініктерін жылы сезіммен және мақтанышпен бейнеледі. Ең ерекше суреттердің бірі ретінде жас қатысушының “Заң мен тәртіп” және “Закон и порядок” деген сөздерді жазған жұмысы көпшіліктің назарын аударып, оның полиция қызметінің басты құндылықтарын түсінетінін көрсетті.

— Балалар – біздің болашағымыз, ең басты құндылығымыз бен үмітіміз. Бүгін сіздерге ерекше көңіл бөліп, қамқорлық пен қуаныш сыйлау аса маңызды. Көпшілігіңіз жастайыңыздан қызметтің, жауапкершіліктің және адалдықтың мәнін жақсы білесіздер. Себебі ата-аналарыңыз күн сайын заң мен азаматтардың қауіпсіздігін қорғау жолында қызмет атқарады. Сіздерге бақытты балалық шақ, зор денсаулық, оқуда табыс және барлық ізгі армандарыңыздың орындалуын тілеймін, — деп атап өтті ПД бастығы.

Мерекелік көңіл күйді балалардың сүйікті ертегі және мультфильм кейіпкерлері сыйлады. Олар балалармен бірге ойнап, билеп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар көпіршіктер шоуы, балаларға арналған көліктер мен велосипедтерде серуендеу ерекше әсер қалдырды.

Сондай-ақ бүлдіршіндер полиция қызметімен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болды: олар патрульдік автокөліктер мен арнайы техникаларды тамашалап, қызметтік көліктердің жабдықтарымен қызығушылықпен танысты.

Іс-шара жылы әрі достық атмосферада өтіп, полиция қызметкерлерінің балаларына жарқын әсер, қуаныш пен ұмытылмас эмоциялар сыйлады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру