Қарағанды облысында жолаушылар тасымалына бақылау күшейтілді
Қарағанды облысында жолаушылар тасымалына бақылау күшейтілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
19-23 маусым аралығында Қарағанды облысының аумағында "Автобус" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Оның басты мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық көлік жүргізушілерінің жауапкершілігін арттыру және жолаушылар тасымалы саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу.
Іс-шара аясында өңір полицейлері уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп, автобустар мен шағын автобустарға кешенді тексеру жүргізуде. Бақылау барысында көлік құралдарының техникалық жай-күйі, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтауы, қажетті рұқсат құжаттарының болуы, сондай-ақ тасымалдау қызметінің заң талаптарына сәйкестігі назарға алынуда.
– Іс-шараның алғашқы түнінде-ақ бірқатар заң бұзушылық анықталды. Астана – Қарағанды (айналма жол арқылы) – Алматы автожолында 14 автобус тоқтатылып, олардың салондарының ұйықтайтын орындармен заңсыз қайта жабдықталғаны белгілі болды. Оңтүстік өңірлерден қатынайтын бұл көліктер жолаушыларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзған, – деді Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Аталған деректер бойынша 14 жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 7 және 10-бөліктеріне сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сонымен қатар 8 автобус айыптұраққа қойылды.
Қарағанды облысының полиция департаменті жолаушылар тасымалымен айналысатын ұйымдар мен жүргізушілерді қолданыстағы заңнама талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Өйткені жолаушылардың өмірі мен денсаулығы – әрбір тасымалдаушының басты жауапкершілігі.
"Автобус" жедел-профилактикалық іс-шарасы 23 маусымға дейін жалғасады. Осы кезеңде анықталған барлық құқық бұзушылықтар полицияның ерекше бақылауында болады
