Полиция қоғамдық орындарда бет-әлпетті жабатын киім киюге қатысты заң талаптарын сақтауға шақырады
Полиция қоғамдық орындарда бет-әлпетті жабатын киім киюге қатысты заң талаптарын сақтауға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-3-бабына сәйкес қоғамдық орындарда адамның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киім-кешекті киіп жүруге тыйым салынады.
Аталған талап адамның бет-жүзін толық жауып, оның жеке басын анықтауға мүмкіндік бермейтін киім түрлеріне ғана қатысты қолданылады. Ал беті ашық қалатын діни киімдер, атап айтқанда хиджаб, химар, шейла, әл-амира және өзге де осыған ұқсас киімдер заң талаптарын бұзбайды.
Сонымен қатар, бұл талап Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын орындау, қызметтік (лауазымдық, еңбек) міндеттерін атқару, медициналық мақсаттар, азаматтық қорғау, қолайсыз ауа райы жағдайлары, сондай-ақ спорттық, спорттық-бұқаралық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға тікелей қатысу жағдайларына қолданылмайды.
Көрсетілген талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жаза ретінде ескерту көзделген. Егер әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса, құқық бұзушыға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
