Балалардың қауіпсіз демалысы – басты назарда
Жетісу облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері өңірдегі балаларды сауықтыру лагерьлерінде жоспарлы тексеру жұмыстарын кезең-кезеңімен жалғастырып жатыр. Бұл шаралар балалардың жазғы демалысын қауіпсіз ұйымдастыру мақсатында барлық сауықтыру орындарын қамтиды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері Жыланды ауылындағы балалар лагерін тексеруде. Мамандар лагерь аумағының жай-күйін, қоршаулардың бүтіндігін, өткізу режимінің ұйымдастырылуын, ойын және спорт алаңдарының қауіпсіздігін, балалардың тұратын орындарын, сондай-ақ өрт және қоғамдық қауіпсіздік талаптарының сақталуын зерделеуде.
Тексеру барысында полиция қызметкерлері лагерь әкімшілігімен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, төтенше жағдайлар туындаған кездегі іс-қимыл тәртібін еске салады және анықталған кемшіліктерді жою бойынша қажетті ұсынымдар береді.
Осындай профилактикалық іс-шаралар Жетісу облысының барлық ауданында өткізілуде. Негізгі мақсат – ықтимал қауіп-қатерлердің алдын алып, балалардың қауіпсіз әрі жайлы демалысын қамтамасыз ету, ал ата-аналардың өз балаларының сенімді қорғауда екеніне деген сенімін нығайту.
