Атырау облысында интернет-алаяқтыққа қатысы бар 24 күдікті анықталды
Атырау облысында интернет-алаяқтыққа қатысы бар 24 күдікті анықталды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысында интернет-алаяқтық қылмысына қатысы бар 24 күдікті анықталған. Олар алаяқтық схемаларда дроппер ретінде әрекет етіп, қылмыстық жолмен алынған қаражатты өздерінің банк есепшоттары арқылы өткізіп отырған.
Тергеу барысында күдіктілер өздерінің жеке деректерін және банк шоттарының құпия ақпараттарын бөгде адамдарға беріп, алаяқтардың заңсыз әрекеттерін жүзеге асыруға жағдай жасаған. Атап айтқанда, жәбірленушілерден алынған қаражат алдымен осы азаматтардың есепшоттарына түсіп, кейін басқа тұлғалардың шоттарына аударылған. Осылайша, қылмыстық әрекеттердің ізі жасырылып отырған.
Мұндай қылмыстардың кең таралуына кей азаматтардың өз есепшоттарының құпия деректерін (карта нөмірі, CVV-код, SMS-кодтар, логин мен пароль) оңай бере салуы себеп болып отыр. Көп жағдайда адамдар “жеңіл табыс табу”, “картаңызды жалға беріңіз», «ақшаңызды көбейтеміз” деген жалған ұсыныстарға сеніп, өздері де қылмыстық схемаға қатысушыға айналып кетеді.
Осыған байланысты полиция департаменті азаматтарды барынша сақ болуға шақырады.
Естеріңізде болсын: өз есепшотыңыздың деректерін бөгде адамдарға беру — заң алдында жауапкершілікке әкеледі. Мұндай әрекеттер алаяқтық қылмысқа қатысу ретінде бағаланып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуыңыз мүмкін.
Сақтық шаралары:
– банк картасының және есепшоттың құпия деректерін ешкімге бермеңіз;
– күмәнді ұсыныстар мен «жеңіл табыс» туралы хабарламаларға сенбеңіз;
– белгісіз сілтемелер мен қосымшаларды қолданбаңыз.
Құқық қорғау органдары интернет-алаяқтыққа қарсы күресті күшейтіп, мұндай құқық бұзушылықтарға қатысы бар тұлғаларды анықтау жұмыстарын жалғастыруда.
Егер сіз күмәнді жағдайларға тап болсаңыз немесе заңсыз әрекеттер туралы білсеңіз, дереу полицияға хабарлауыңыз қажет.
Интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік – әр азаматтың өз қолында.
