Көлік полицейлері Алматы әуежайында тәртіп бұзушылықтың жолын кесті
Алматы қаласы әуежайындағы көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері әуе компания өкілдерінің актісімен Алматы – Астана бағытындағы әуе рейсінен қоғамдық тәртіпті бұзған екі ер адамды түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тексеру барысында құқық бұзушылардың Алматы қаласының 37 жастағы тұрғыны және Түркістан облысының 26 жастағы тұрғыны екені анықталды. Рейске тіркелу кезінде екеуі де алкогольдік масаң күйде болған және қоғамдық тәртіпті бұзған. Сонымен қатар 26 жастағы жолаушы балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттерге жол берген. Бұл туралы көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Теміржан Рамазанов айтты.
– Құқық бұзушылардың біріне қоғамдық орында алкогольдік масаң күйде болғаны үшін әкімшілік материал толтырылды. Аталған құқық бұзушылықты ол қайталап жасағандықтан, жиналған материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Екінші жолаушы бірден екі бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді Теміржан Рамазанов.
Көлік полицейлері еске салады: әуе және теміржол көлігі нысандарында белгіленген тәртіп талаптарын бұзу заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғады. Қоғамдық тәртіпті бұзған тұлғалар сапар мүмкіндігінен айырылып қана қоймай, заңда белгіленген тәртіппен әкімшілік, ал кейбір жағдайларда қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жолаушылардың қауіпсіздігіне және көлік нысандарының қалыпты жұмысына қауіп төндіретін кез келген әрекеттің жолы дереу кесіледі.
