Елордада ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен тұрғын ұсталды
Елордада ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен тұрғын ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласының криминалдық полиция қызметкерлері ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен 41 жастағы елорда тұрғынын ұстады.
Тергеу барысында анықталғандай, күдікті кәсіпкерлік нысанды белгілі бір мерзімге жалға алып, оны өзіне тиесілі мүлік ретінде таныстырған. Сатып алушымен келіссөз жүргізіп, өзін кафенің заңды иесі ретінде көрсеткен ол жалған мәліметтер арқылы жәбірленушінің сеніміне кірген.
Кейін жалған сатып алу-сату мәмілесін жасап, жәбірленушіден 21 миллион теңге көлемінде ақша алған. Алайда қаражатты иемденгеннен кейін күдікті өз міндеттемелерін орындамай, оқиға орнынан бой тасалаған.
Алданғанын түсінген жәбірленуші полицияға жүгінген. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол ұсталды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, күдіктінің мұндай әрекетті алдын ала жоспарлап, бөтеннің мүлкін заңсыз иемдену мақсатында әдейі ұйымдастырғаны анықталды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Полиция коммерциялық нысандарды сатып алу кезінде меншік құқығын растайтын құжаттарды мұқият тексеріп, ақпаратты мемлекеттік дерекқорлар арқылы нақтылаған жөн екенін ескертеді.
