Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да полицейлер 8 тұрғынға жеке куәлік алуға көмектесті

СҚО-да полицейлер 8 тұрғынға жеке куәлік алуға көмектесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жеке басын куәландыратын құжаттың болмауы түрлі себептерге байланысты болуы мүмкін. Бұл әрдайым азаматтың жауапсыздығы немесе немқұрайлылығының салдары емес. Кей жағдайда өмірлік қиындықтар мен түрлі мән-жайлар адамның құжатсыз қалуына себеп болады.

Мұндай жағдай Мағжан Жұмабаев ауданының 61 жастағы тұрғынының да басынан өткен. Ол 1980-жылдары әскер қатарында қызмет етіп, сол жерде жүргізуші мамандығын меңгерген. Кейін ұзақ жылдар бойы автобус және жүк көлігін жүргізіп, түрлі кәсіпорындарда еңбек еткен. Алайда өмірлік жағдайларға байланысты Қазақстан Республикасының жеке басын куәландыратын құжаттарын ала алмаған.

Соңғы жылдары азамат кездейсоқ жұмыстардан түскен табыспен күнелтуге мәжбүр болған. Енді жеке куәлігін алғаннан кейін ресми түрде жұмысқа орналасып, медициналық қызметтер мен әлеуметтік қолдау шараларын пайдалануға мүмкіндік алды.

Бұл – аудандағы жалғыз жағдай емес. Мағжан Жұмабаев ауданының полицейлері жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ азаматтарды анықтап, оларды құжаттандыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізді.

Алғашқы кезеңде қажетті мәліметтерді учаскелік полиция инспекторлары жинады. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері елді мекендерге барып, азаматтардың құқықтық мәртебесін анықтау бойынша тиісті шаралар атқарды.

Әрбір жағдай бойынша құзырлы мемлекеттік органдарға, сондай-ақ жақын және алыс шетелдердің тиісті мекемелеріне сұрау салулар жолданды. Азаматтардың өзге мемлекеттің азаматы еместігін анықтау және растау мақсатында қажетті тексеру жұмыстары жүргізілді.

Аудандық полиция бөлімінің бастығы Асан Мейрамовтың айтуынша, қазіргі таңда ауданда сегіз азамат 1974 жылғы үлгідегі төлқұжаттарын Қазақстан Республикасы азаматының құжаттарына ауыстырған немесе алғаш рет жеке куәлік алған.

Көші-қон қызметінің мамандары азаматтың құқықтық мәртебесін анықтау үшін бірқатар тексеру жүргізілетінін атап өтті. Бұл ретте аталған қызметтер азаматтарға тегін көрсетіледі.

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 38 адамның құқықтық мәртебесі реттеліп, тағы 75 азаматқа қатысты құжаттар қаралу үстінде.

Құжаттандыру – азаматтың қоғамдағы толыққанды құқықтарын жүзеге асыруына мүмкіндік беретін маңызды қадам. Осы бағыттағы жұмыстар азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру