Маңғыстау облысында бекіре тұқымдас балық өнімдерінің заңсыз айналымы тоқтатылды
"Қарасора" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Маңғыстау облысының полиция қызметкерлері бекіре тұқымдас балық өнімдерінің заңсыз айналымы дерегін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шерқала ауылы мен Адай базасы арасындағы автожолда полицейлер Jeep Wrangler автокөлігін тоқтатты. Көліктің жүксалғышынан екі бекіре тұқымдас балық табылып, тәркіленді.
Одан әрі жүргізілген іс-шаралар барысында фигуранттардың бірінің тұрғылықты мекенжайынан тағы екі бекіре тұқымдас балық, оның ішінде бір ысталған балық, сондай-ақ алты литрлік ыдысқа салынған уылдырық — бес ыдыс қара және бір ыдыс қызыл уылдырық табылды.
Тәркіленген балық өнімдерінің жалпы салмағы 17 келіден астам, ал уылдырықтың салмағы шамамен 6 келіні құрады.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 339-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды.
Тәркіленген өнімдер тиісті сараптамаға жолданды. Тергеу жалғасуда.
