Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Оңай табыстың құны": ШҚО студенттеріне есірткі қылмыстарының салдары түсіндірілді

ШҚО студенттеріне есірткі қылмыстарының салдары түсіндірілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Өскемен қаласындағы Жастар ресурстық орталығында жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған профилактикалық кездесу өтті. Іс-шараның негізгі бөлігі есірткі қылмыстары үшін сотталған азаматтармен ұйымдастырылған телекөпірге арналды. Олар өздері жасаған қылмыстар мен оның өмірлеріне тигізген әсері туралы баяндады.

Кездесуге Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Мади Қалиакпаров, сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесі мен прокуратура өкілдері қатысты.

Студенттерге интернет пен мессенджерлер арқылы оңай табыс табуды ұсынатын хабарландырулардың артында есірткінің заңсыз айналымына тарту әрекеттері жасырынуы мүмкін екені түсіндірілді. Атап айтқанда, есірткі заттарын жасырын орындарға жеткізу немесе белгісіз тұлғалардың тапсырмаларын орындау туралы ұсыныстарға келісу қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Телекөпір барысында сотталған азаматтар өз тәжірибелерімен бөлісіп, қабылдаған шешімдерінің салдары туралы айтып берді. Олардың әңгімелері студенттерге есірткі қылмыстарына қатысудың ауыр зардаптарын нақты мысалдар арқылы түсінуге мүмкіндік берді.

Мұндай профилактикалық кездесулер жастардың есірткінің заңсыз айналымына тартылуының алдын алуға, құқықтық сауаттылығын арттыруға және заңсыз табыс туралы күмәнді ұсыныстарға сын көзбен қарауға үйретуге бағытталған. Шығыс Қазақстан облысында осы бағыттағы профилактикалық жұмыстар жалғасуда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру