Жетісу облысында 360-тан астам студентке есірткінің зияны түсіндірілді
Агротехникалық колледжде 360-тан астам студенттің қатысуымен профилактикалық кездесу өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелерімен және дәрігер-наркологпен бірлесіп, жастарға есірткі қолданудың зардаптары мен құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілік туралы түсіндірді.
Кездесу ашық микрофон форматында ұйымдастырылып, әрбір студент сұрағын қойып, мамандардан нақты жауап алуға мүмкіндік алды. Әсіресе есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу, жастардың заңсыз есірткі айналымына тартылу қаупі, құқықтық сауаттылық пен салауатты өмір салтының маңызы сөз болды.
Сонымен қатар қатысушыларға тыйым салынған заттарды қолданудың ауыр зардаптарын көрсететін әлеуметтік және есірткіге қарсы бейнероликтер ұсынылды.
Кездесудің басты мақсаты – жастарға есірткінің қауіпін ескертіп қана қоймай, олардың денсаулықты, қауіпсіздікті және заңға бағынуды саналы түрде таңдауларына ықпал ету.
