Абай облысында миллион теңгелік сиырды анасы мен баласы сойып сатқан
Абай облысында анасы мен баласы миллион теңгелік сиырды ұрлап, сойып сатқан. Тергеуші қылмыстың мән-жайын анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
20 шілде күні кешкі уақытта Мақаншы ауданындағы ауылдардың бірінде жайылымнан шароле тұқымды сиыр жоғалған. Иесі алдымен жануарды өз бетінше іздегенімен, нәтиже болмаған соң учаскелік полиция инспекторына жүгінген. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер сиырдың қайда айдап әкетілгенін анықтады.

Іс Мақаншы аудандық полиция бөлімінің тергеушісі Гүлмира Сәрсембаеваға тапсырылған кезде ұрланған малдың еті сатылып үлгерген болатын. Тергеуші оқиғаның мән-жайын жан-жақты зерттеп, қылмысқа анасы мен ұлының қатысы барын және еттің кімдерге сатылғанын анықтады.
Тергеу барысында 61 жастағы ауыл тұрғыны малын іздеуге шыққанда, ауылдан шамамен жарты шақырым жерден бөтен сиырды байқағаны белгілі болды. Ол жануарды үйіне айдап әкеліп, өз малына қосып қойған. Кейін 40 жастағы ұлына сиырды сойып, етін сатуды ұсынған.

Сол күні кешке ұлы туысынан мал союға көмектесуін сұрап, сиырдың өз отбасына тиесілі екенін айтқан. Келесі күні анасы мен баласы еттің бір бөлігін сатумен айналысатын туысына берген. Оған да малдың өздеріне тиесілі екенін жеткізген. Тергеуші аталған туысы арқылы етті сатып алған төрт ауыл тұрғынын анықтады.
Гүлмира Сәрсембаева жинаған дәлелдемелер қылмыстық істі сотқа жолдауға негіз болды. Сот әйелді мал ұрлағаны үшін, ал оның ұлын қылмысқа көмектескені үшін кінәлі деп таныды. Екеуіне де мүлкін тәркілеусіз үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, осы мерзімге пробациялық бақылау белгіленді.
