Маңғыстау облысында ПД бастығы учаскелік полицейлерге профилактикалық жұмысты күшейтуді тапсырды
Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы Аманкелді Досжанов Маңғыстау ауданына жұмыс сапарымен барып, жеке құраммен жұмыс кеңесін өткізді. Жиында құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және учаскелік полиция инспекторлары жұмысының тиімділігін арттыру бойынша нақты тапсырма берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жұмыс сапары барысында облыстық полиция басшысы ауданның ауылдық округтеріне қызмет көрсететін әрбір учаскелік полиция инспекторының есебін жеке тыңдап, жедел жағдаймен және жергілікті жерлердегі профилактикалық жұмыстардың жай-күйімен танысты.
Әсіресе учаскелік инспекторлардың өздеріне бекітілген әкімшілік аумақты жетік білуіне ерекше назар аударылды. Департамент бастығы әрбір қызметкер халық саны, ауылдық округтердегі өзекті мәселелер, профилактикалық есепте тұрған азаматтар және криминогендік ахуал туралы толық ақпаратқа ие болуы тиіс екенін атап өтті.
— Учаскелік инспектор өзіне бекітілген аумақты ғана емес, сол жерде тұратын адамдарды, олардың мәселелері мен өтініштерін де жақсы білуі керек. Жұмысымыздың басты көрсеткіші – құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмысқа жол бермеу. Біз құқық бұзушылық жасалғаннан кейін әрекет етпей, оның алдын алып, озық жұмыс істеуіміз қажет, – деді Аманкелді Досжанов.
Кеңесте алкогольдік масаң күйде жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселесі де басты назарға алынды. Департамент бастығы алкоголь өнімдерін сату саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылауды күшейтуді, әсіресе елдімекендерде, демалыс орындарында, жол бойындағы нысандар мен қоғамдық тамақтану орындарында тиісті қадағалау жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ Сайөтес, Жармыш және ауданның өзге де елдімекендерінде профилактикалық жұмыстарды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
— Алкогольдік ішімдіктер көбіне отбасылық жанжалдарға, зорлық-зомбылыққа, жол-көлік оқиғаларына және басқа да қылмыстарға себеп болады. Біздің міндетіміз – мұндай жағдайларға жол бермеу. Әрбір елдімекен полицияның тұрақты бақылауында болуы тиіс. Жолдарда мас жүргізушілер болмауы керек, ал тұрғындар тәуліктің кез келген уақытында өздерін қауіпсіз сезінуі қажет, – деді департамент басшысы.
Бұдан бөлек, Аманкелді Досжанов Тұщықұдық және Шебір ауылдарының әкімшілік учаскелерін қайта қарау мәселесін зерделеуді тапсырды. Әрбір ауылдық округке жеке учаскелік полиция инспекторын бекіту қажеттігін атап өтті.
Басым бағыттардың қатарында бос лауазымдарды жасақтау, тіркелген қару иелеріне бақылауды күшейту, профилактикалық есепте тұрған азаматтармен тұрақты түрде алдын алу шараларын өткізу және бөлімше басшыларының жеке жауапкершілігін арттыру міндеттері де белгіленді.
Сонымен қатар полиция қызметін цифрландыру мәселесіне ерекше мән берілді. Департамент бастығы қызметкерлерден учаскелік полиция инспекторларына арналған цифрлық құралдарды және сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімін қоса алғанда, ақпараттық жүйелерді жетік меңгеруді талап етті.
Қызметтік тәртіп, учаскелік полиция пункттерінің жай-күйі және тұрғындармен қарым-қатынас мәдениеті де назардан тыс қалған жоқ.
— Заң мен тәртіп ең алдымен полиция қызметкерінің өзінен басталады. Біз азаматтардан заң талаптарын сақтауды талап етеміз, сондықтан алдымен өзіміз үлгі болуымыз керек. Халыққа құрметпен қарау, тәртіп сақтау, өз аумағын жетік білу және күнделікті профилактикалық жұмыс жүргізу – әрбір полицейге қойылатын міндетті талаптар, – деп атап өтті Аманкелді Досжанов.
Сондай-ақ департамент басшысы орынбасарлары мен қызмет басшыларына бағынысты қызметкерлердің жұмысын бақылауды күшейтуді, елдімекендерге тұрақты түрде барып, тұрғындармен кездесулер өткізуді және халықты толғандырған мәселелерге уақытылы ден қоюды тапсырды.
Кеңес қорытындысы бойынша облыстық полиция басшысы басшы құрам мен жеке құрамға жүктелген міндеттердің орындалуы үшін жеке жауапкершілік бар екенін ескертті. Әрбір учаскелік полиция инспекторының жұмысы ерекше бақылауда болады.
Аманкелді Досжанов жыл соңына дейін Маңғыстау ауданына қайта барып, берілген тапсырмалардың орындалуын жеке тексеретінін және профилактикалық жұмыстардың нақты нәтижелеріне баға беретінін жеткізді.
— Біздің бағытымыз бір, ортақ міндетіміз – "Заң мен тәртіп" қағидаты. Тұрғындар полиция жұмысының нәтижесін есептерден емес, өздерінің қауіпсіздігінен сезінуі тиіс, – деп түйіндеді департамент бастығы.
