Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында кикбоксингтен турнир өтті

Астанада салауатты өмір салтын насихаттау және есірткіден бас тарту мақсатында кикбоксингтен турнир өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Елордада Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевты еске алуға арналған кикбоксингтен VII республикалық турнир өтті. Жарыс “Астана – есірткісіз қала!”жоспары аясында ұйымдастырылды.

Турнирге жасөспірімдер мен жастар санатында 600-ден астам спортшы қатысты. Байрақты бәсекеге еліміздің өңірлерінен, сондай-ақ шет мемлекеттерден келген спортшылар жиналды.

Жекпе-жектер бір мезгілде үш ринг пен екі татамиде K-1, Full Contact, Low Kick және Kick Light дисциплиналары бойынша өткізілді.

Іс-шараны ұйымдастырушылар қатарында Астана қаласының Спорт басқармасы, бұқаралық спорт түрлерін дамыту дирекциясы, №3 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв спорт мектебі, Қазақстан Республикасы мен Астана қаласының кикбоксинг федерациялары болды. Жарысқа Астана қаласы полиция департаменті мен “Тамерлан” спорт клубы қолдау көрсетті.

Елорда полиция департаменті өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға және дұрыс өмірлік құндылықтарды насихаттауға бағытталған бастамаларды қолдайды.

Жастарды спортқа баулу, белсенді өмір салтын дәріптеу, ерік-жігері мен тәртібін шыңдау – есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алудың маңызды бағыттарының бірі.

Мұндай спорттық іс-шаралар еліміздің әр өңірінен және шет мемлекеттерден келген спортшыларды бір арнаға тоғыстырып қана қоймай, жас буынға өз қабілетін танытуға, алдына мақсат қойып, оған жетуге және салауатты болашақ таңдауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру