Елордадағы мектепте полиция қызметкерлерінің қатысуымен профилактикалық кездесу өтті
Елорда мектебінде полицейлердің қатысуымен подкаст өтіп, оқушылар есірткі қаупін талқылады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Елордадағы №83 мектепте полиция қызметкерлерінің қатысуымен профилактикалық кездесу өтті. Іс-шара әдеттен тыс форматта, яғни подкаст түрінде ұйымдастырылды. Бұл жолы сұхбат алушы рөлінде оқушылардың өздері болып, құқық қорғау органдарының өкілдеріне көкейлеріндегі сұрақтарын қойды.
Әңгіме барысында есірткі заттарын тұтыну, есірткі қаупінің таралуы, сондай-ақ ойланбай жасалған әрекеттер мен құқыққа қайшы мінез-құлықтың салдары секілді өзекті мәселелер талқыланды.
Кездесу кезінде жеке денсаулыққа жауапкершілікпен қарау, өмірлік жолды саналы түрде таңдау және күмәнді ұсыныстарға, соның ішінде оңай табыс табуға қатысты уәделерге қарсы тұра білу мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Мұндай формат ашық әрі еркін пікір алмасуға мүмкіндік беріп, оқушылардың полиция қызметкерлеріне тікелей сұрақ қойып, кәсіби мамандардан нақты жауап алуына жағдай жасады.
Полиция жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жаңа форматтарда жалғастыруда. Басты мақсат – жастармен өздеріне түсінікті тілде сөйлесу, құқықтық сауаттылығын арттыру және жауапты мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру.
