Ақтауда 36 мың шаршы метрден астам жол таңбасы жаңартылды
Ақтауда 36 мың шаршы метрден астам жол таңбасы жаңартылып, 600 шақырымға жуық жол тексерілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтау қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. 2026 жылдың 10 айында полицияның жол-техникалық инспекциясы қызметкерлері көше-жол желісіне ауқымды тексеру жүргізіп, бірқатар кемшілікті анықтады және қауіпті жол учаскелеріндегі олқылықтарды жою бойынша тиісті шаралар қабылдады.
Жұмыстың негізгі бағыттарының бірі – жол инфрақұрылымының жай-күйін жақсарту. Есепті кезеңде қала аумағында 32 мың шаршы метр жол таңбасы жаңартылып, 19 858 шаршы метр жол жабынындағы ақаулар жойылды. Сонымен қатар 145 жаңа жол белгісі орнатылып, жарамсыз күйге түскен 224 жол белгісі ауыстырылды.
Қазан айында қосымша жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, тағы 4 500 шаршы метр жол таңбасы жаңартылып, 3 358 шаршы метр жол жабыны жөнделді. Сондай-ақ 21 жаңа жол белгісі орнатылып, ескірген 44 жол белгісі ауыстырылды.
Полиция қызметкерлері жол қозғалысына қауіп төндіруі мүмкін учаскелерді анықтауға ерекше назар аударуда. Жыл басынан бері жол инфрақұрылымына 212 тексеру жүргізіліп, оның барысында шамамен 596 шақырым көше-жол желісі қамтылды.
Тексеру нәтижелері бойынша анықталған кемшіліктерді жою үшін жауапты мемлекеттік органдарға, коммуналдық кәсіпорындарға және өзге де ұйымдарға 289 нұсқама жолданды. Сонымен қатар төрт жағдайда анықталған заң бұзушылықтар жойылғанға дейін жол жұмыстарын жүргізуге тыйым салынды.
Белгіленген талаптарды сақтамағаны үшін лауазымды тұлғалар, заңды және жеке тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері полицияның тұрақты бақылауында. Осы бағытта тиісті шаралар қабылдау үшін қала әкімдігіне 14 ақпараттық материал, ал прокурорлық қадағалау шараларын қабылдау үшін прокуратура органдарына 8 материал жолданды.
Полиция жол қауіпсіздігі тек жүргізушілердің тәртібіне ғана емес, жол инфрақұрылымының тиісті жағдайда болуына да тікелей байланысты екенін атап өтеді.
Қауіпті жол учаскелерін анықтау, кемшіліктерді жою және жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
