Абай облысы бойынша ҚАЖД мекемесіне психотроптық заттарды кіргізу әрекетінің жолы кесілді
Абай облысы бойынша ҚАЖ-дың орташа қауіпсіздік мекемесінде психотроптық заттарды кіргізу әрекетінің жолы кесілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласында орналасқан Абай облысы бойынша ҚАЖ-дың орташа қауіпсіздік мекемесінде тәртіп және жедел бөлім қызметкерлері мекеме аумағына психотроптық заттарды заңсыз кіргізу әрекетінің жолын кесті.
Дәрілік препараттар салынған сәлемдемені тексеру барысында мекеме қызметкерлері целлофанға оралып, дәрумендер ретінде жасырылған таблеткаларды анықтап, тәркіледі.
Әңгімелесу барысында Семей қаласының 35 жастағы тұрғыны өзінің танысымен қысқа мерзімді кездесуге келгенін және оның өтініші бойынша психотроптық затты дәрумен түрінде беруге әрекеттенгенін түсіндірді.
– Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген таблеткалар Қазақстан Республикасында бақылауға жататын есірткі құралдары мен психотроптық заттар тізбесіне енгізілген психотроптық зат болып табылады. Тәркіленген заттың жалпы салмағы шамамен үш грамды құрады. Қазіргі уақытта аталған азаматқа қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, – деді жедел бөлім бастығы Ернар Ибраев.
