Сall-орталықты алдаған мас жігіт жауапқа тартылды
Өскемен қаласында коронавируспен ауыратынын айтып, арнайы қызметтің маманын алдап шақырып алған азамат ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Коронавирус бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін 1406 нөмірлі Сall-орталыққа 25 наурыз күні қоңырау түскен. Өскемен қаласының тұрғыны коронавирус жұқтырып алғанын хабарлайды.
Орталықтың операторына ол жақында Тайландтан келгенін, содан бері бірнеше күн бойы ЖРВИ белгілерін байқағанын айтқан.
Шақырылған мекен жайға жедел жеткен мамандар 39 жастағы азаматтан вирустық инфекцияның симптомдарын анықтамады. Тұрғын — толық сау, есесіне ішімдік ішкен болып шықты. Яғни, өзіне қатысты жалған ақпаратты мастықпен айтқаны белгілі болды.
Жағдайға полиция араласып, азаматтың шетелге шықпағанын да анықтады.
Жалған ақпарат бергені үшін өскемендік азамат ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 438-бабы 1-бөлігі (арнайы қызметтерді көрінеу жалған шақыру) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бап санкциясы 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға мәжбүрлейді.