Сотталғандар жасаған сабындар қарттар үйіне жеткізілді
Шығыс Қазақстан облысында қызметкерлер балалар үйі мен кәрілер үйіне сұйық сабын,
қатты сабын және бетперде апарып, көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Семей қаласындағы қауіпсіздігі барынша жоғары құқық қорғау органдарында және сот жүйесінде қызмет еткен сотталғандарды ұстауға арналған ОВ-156/14 мекемесінде бүгінгі күні 13 кәсіпорын ашылған, мұнда барлығы 113 сотталған жұмыс атқарады.
2018 жылы осы мекемеде қатты және сұйық сабын өндіретін кәсіпорын ашылған болатын. Осы кәсіпорында бүгінде 14 сотталған жұмыс істейді.
Қазіргі «коронавирус» пандемиясына қарсы сақтық шараларының алдын алу мақсатында сотталған азаматтар да назардан тыс қалмады. Өздері өндіретін сұйық және қатты сабынды қарттар үйі мен балалар үйіне жолдауды мекеме әкімшілігіне ұсынған.
«Біз осы жолғы өндірген сабынымызды аз да болсын көмек ретінде кәрілер үйі мен балалар үйіне жолдағымыз келеді. Олардың жақын жанашырлары болмағандықтан, өз тарапымыздан еліміздің басына түскен осы бір қиын қыстау кезінде қолдау білдіргіміз келеді»- деді сотталған.
«Семей қаласының қарттар мен мүгедектерге арналған әлеуметтік-медициналық жалпы түрдегі мекемесіне және Семей қаласының №8 балалар үйі мекемесіне сотталғандардың өздері өндірген 250 литр сұйық және 200 дана қатты сабын түрінде көмек көрсеттік. Сондай – ақ, 200 дана бетпердені апардық. Қарттардың қазіргі уақытта ауыру қаупі жоғары болғандықтан осы санаттағы адамдарға көмек беруді дұрыс деп ойлаймыз. Қазіргі уақытта барлығымыз жұмылған жұдырықтай болуымыз шарт. Сол себептен сотталғандар да өз көмектерін аямай ұсынып жатыр» – дейді мекеме басшысы Самат Ахмеджанов.
Айта кетсек, қазіргі таңда мекемеде 3 тігін цехы орналасқан, мұнда орта есеппен күніне 15 сотталған жұмыс жасап 1500 бетперде шығарылады.