Блок-посттағы полицейлерге бағынғысы келмейтіндер бар
Түркістан облысы Мақтаарал ауданында блок-постта тұрған полицейге бағынбай, күш көрсеткен тұрғын ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылғы 15 наурыздағы №285 ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу, алдын алу мақсатында блок-бекеттер орналастырылды. Аталған блок-бекеттерде полицейлер мен медицина қызметкерлері күшейтілген режимде тәулік бойы қызметтер атқарып келеді.
Осындай кезекті жұмыс күні Мақтаарал ауданы Атакент кентіне қойылған блок бекетінде, өз қызметтiк мiндетiн атқарып тұрған полиция қызметкеріне жергілікті тұрғын мас халде келіп, полиция қызметкерінің тыйым салынған аумаққа кіруге болмайтындығы туралы ескерткеніне құлақ аспаған. Аталған тұрғын тәртіп сақшысының заңды талабына бағынбаушылық танытып, көпшіліктің көзінше жария түрде, ар-намысына тиетін балағат сөздер айтып қорлаған және қызметтік міндетін атқарып тұрғанына қарамастан кеуде тұсынан қолымен ұрып-соғып, дене жарақатын салған.
Аталған жайт, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 380-бабы (билік өкіліне қатысты күш қолдану) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Тұрғын қамауға алынды.