Браконьерлер мемлекетке 2,5 млн. астам шығын келтірді
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері браконьерлер мемлекетке 2,5 млн. астам шығын келтірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО-да 1-15 сәуір аралығында «Биоресурстарды қорғау» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Полицейлер аңшылық шаруашылығы және орман шаруашылығы қорықшыларымен тығыз байланыста жұмыс істейді, сондай-ақ іс-шараға шекара қызметінің қызметкерлері де тартылды.
Тәртіп сақшылары қазіргі уақытта облыс аумағында аң аулауға тыйым салынғанын ескертеді. Дегенмен, операция басталғаннан бері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 383-бабы (жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу) бойынша 10 адам әкімшілік жауапқа тартылған. Аңға шыққандардың кейбіреуі қарумен, енді бірі тұзақ және қақпанмен сайланып орманға бет алған.
«Су қоймаларының жағасында уақыт өткізгенді ұнататындар рұқсат құжаттарынсыз балық аулағаны үшін жауапқа тартылады», – дейді СҚО ПД жергілікті Полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау полициясы тобының басшысы Асхат Қожабаев. – Мысалға алатын болсақ, Қызылжар ауданында Ұялы көлінде екі ер адам жалға берушіден рұқсат құжатын алмастан су қоймасында заңсыз балық аулаған. Ауыл тұрғындарына қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 383-бабы (балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу) бойынша хаттама толтырылды».
Барлығы бірінші тоқсанда СҚО-да ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 382-бабы бойынша 187, 383-бабы бойынша 81 адам жауапқа тартылды. Бұдан басқа, заңсыз ағаш кесу фактілері бойынша сотқа төрт әкімшілік материал тапсырылды.
Экологиялық қылмыстар фактілері бойынша 9 қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілерден 9 бірлік атыс қаруы мен 5 бірлік суық қару, 35 патрон алынды.Экология саласында 9 қылмыстық іс тіркелді. Браконьерлердің жалпы келтірген шығыны 2 млн. теңгеден асады әрі бұдан да артық болуы мүмкін, өйткені фактілермен қатар сараптамалар әлі аяқталған жоқ.
Бұдан басқа, полицейлер ТЖ режимін бұзғаны үшін жауапкершілік туралы да ескертеді. Каратин кезінде тек жақын жердегі дүкен мен дәріханаға, жұмысқа баруға және қоқыс шығару, сондай-ақ үйдің маңында иттерді қыдырту үшін үйден шығуға болады. Каратинге жабылған елді мекендерден кетуге болмайды, ауыл тұрғындарының сақтанғандары жөн. Полицейлер жүріп-тұруды шектеу – қауіпті індеттің таралуына жол бермеудің әдісі екендігін ескертеді. Табиғат аясындағы демалыс үшін өзіңіз бен жақын туыстарыңыздың өмірін тәуекелге байламағаныңыз жөн.