Демалыс күндері көп жерден өрт шықты
Өткен демалыс күндері Павлодар облысында ондаған нүктеде өрт шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 сәуір күні сағат 21.00-де Ақсу қаласының ауылдық аймағына қарасты Қызылжар ауылының маңындағы өрт туралы хабар түсті. Оқиға орнында жалпы ауданы 20 га құрайтын төрт бөлек учаскеде құрғақ шөп жанып жатқаны анықталды. Өртенуді сөндіруге Қызылжар ауылының ерікті өрт сөндіру құрылымдары мен №12 өрт бекетінің қызметкерлері қатысты. Өрт түнгі сағат 00.12-де толықтай сөндірілді. Өрт тұрғындардың отты абайсыз пайдалануы салдарынан тұтанған Елді мекенге қауіп жоқ.
Сонымен қатар, Ақсу қаласының ауылдық аймағында тағы да екі өртену ошағы жойылды. Сағат 17.55-те ТЖД пультіне Сәтбаев атындағы канал мен Ақсу-Қалқаман трассасының аралығында Достық ауылдық округінің маңында өрт шыққаны туралы шақыру келіп түсті. Ашық аумақтағы 4 га учаскеде құрғақ шөп пен қамыс жанған. Өртену сағат 23.50-де ауыздықталып, сағат 00.45-те толықтай сөндірілді. Елді мекендерге қауіп жоқ. Өрт сөндіруге Достық ауылының өрт сөндіру бекеті қатысты.
Сондай-ақ, 13 сәуір күні сағат 02:54-те Алғабас ауылдық округінің Қаракөл ауылының маңында өрт шықты. Аумақты айналып өту барысында Ертіс өзенінің жайылмасында жалпы көлемі 73 га құрайтын үш учаскедегі құрғақ шөптің жануы анықталды. Өртену ошағы сағат 04.20-да толықтай сөндірілді.