Қойылған бекеттен айналып өтпек болғандар ұстады
Солтүстік Қазақстан облысы полицейлері карантиндік бекетті айналып өтпек болған жастарды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 сәуірге қараған түні Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылының тұрғыны мен облыс орталығының үш тұрғыны Петропавл қаласынан «Kia Spectra» автокөлігіне мініп шықпақ болады. Полицейлер оларды № 1 блок-бекетте тоқтатты. Жігіттер Бәйтерек ауылына достарының моншасына жуынуға бара жатқандарын айтады. Полицейлер карантин кезінде қалаға кіріп-шығуға болмайтынын түсіндірді. Тек үлкен жүк көліктері мен азық-түлік, тауарлар тасымалдайтын көліктерге рұқсат берілген. Шетелдік маркалы көліктің жүргізушісі машинасын кері бұрып, Петропавл қаласына бет алды. Алайда сәлден соң трассадан түсіп, ауыл арасындағы жолмен шығып кетпек болған. Блок-бекетте кезекшілікте тұрған сақшылар оларды байқап қалып, карантиндік аумақтан шыққанға дейін тоқтатты. Медициналық куәландыру жолаушылардың мас емес екенін көрсетті.
«Барлық төрт жігітке қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабы «Төтенше жағдай режимін бұзу» бойынша материал жиналды», – дейді Қызылжар ауданы полиция бөлімінің бастығы Әлихан Байқадамов.
Қызылжар аудандық соты Бескөл ауылының 1988 жылы, Петропавл қаласының 1990 және 1991 жылдары туған тұрғындарын үш тәулікке қамаққа алу туралы шешім шығарды. Карантин кезіндегі сақтық шаралары азаматтардың денсаулықтары мен өмірлерін сақтап қалуға, сондай-ақ «қауіпті инфекцияның таралып кетпеуіне бағытталғанын адамдар естерінен шығармаулары қажет».