500-ге жуық мекеме мен ойын-сауық орындары тексерілді
Қызылорда облысында жүргізілген рейдтер кезінде карантин талаптарын бұзған 678 адам тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы бір тәулік ішінде мамандар 500-ге жуық мекеме мен ойын-сауық орындарын тексеріп, 71 құқық бұзушылықты анықтады.
Қызылорда облысының мамандандырылған әкімшілік сотымен 414 әкімшілік іс қаралып, 213 тұрғынға айыппұл салынса, 149 адам қамауға алынып, 51-іне ескерту берілді.
Көрінеу жалған ақпарат таратылған 11 дерек анықталып, олар бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 274-бабы 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп тексеру жұмыстары жүргізіліп, 2 қылмыстық іс сотқа жолданды.
Облыс бойынша 35 бекет қойылды. Облыс аумағына кіретін автожолдарда тұрғындарды медициналық тексеруден өткізу мақсатында үш санитарлық-өткізу бекеттері жұмыс атқарып жатыр.
Төтенше жағдай режимі кезіндегі талаптардың сақталуын қадағалау мақсатындағы жұмыстар жалғасып жатыр.
Мақсат – қылмыстық әрекеттердің алдын алу және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оларды ескерту. Алайда, төтенше жағдай режимі кезінде ескертулерге құлақ аспай, талаптарды бұзған азаматтарға заң шеңберінде шаралар көріледі.
Әкімшілік жазаға тартылғандардың билік өкілдеріне бағынбай, дөрекілік танытудың екі дерегі орын алды.
Мәселен,13 сәуір күні Қызылорда қалалық Полиция басқармасының ғимаратында соттың қаралуын күтіп отырған азаматтардың бірі қызметтік міндетін атқарып тұрған полиция қызметкерінің ескертуін елемей, тіл тигізіп, балағаттаған. Дәл осындай оқиға Жалағаш ауданында орын алған.
Бүгінгі таңда бұл деректер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 378-бабы бойынша (билік өкілін қорлау) сотқа дейінгі тергеп – тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілерге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Егер күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, бір жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланатын болады.