Заңсыз айналымнан алынған қарулар
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жыл басынан бері заңсыз айналымнан 15 атыс қаруын тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарудың қолдануымен жасалатын қылмыстарды ескерту жұмысы Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті басшылығының тұрақты бақылауында тұр. Азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау жөніндегі бөліністерінің инспекторлары жергілікті полиция қызметімен бірлесе аталған желі бойынша құқық бұзушылық пен қылмыстарды ескерту мақсатында тұрақты түрде тексеріс жүргізеді. Жыл басынан облыс бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 482-бабы (жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы) бойынша 15 факті анықталды.
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында Мағжан Жұмабаев ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері Медвежка ауылының 29 жастағы тұрғыны атыс қаруын заңсыз сақтағанын анықтады. Ауыл тұрғыны тіркелмеген тегіс ұңғылы 16 калибрлі «ИЖ-К» мылтығын верандада сақтаған. Қарудың қайдан алынғаны туралы сұраққа ол мылтықты шамамен 10 жыл бұрын үйді сатып алған кезде тауып алдым деген жауап айтқан. Нәтижесінде мылтық алынып, ер адаммен профилактикалық әңгіме жүргізілді және ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 482-бабы 1-бөлігі бойынша (жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы) бойынша хаттама толтырылды. Баппен қаруды тәркілеу және 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу көзделген.
«Тіркелмеген атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылыс заттарын өз еркімен тапсырған азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады. Бұдан бөлек, қаруды тіркеу, қайта тіркеу қағидаларына қатысты сұрақтармен солтүстікқазақстандықтар СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасына 8 (7152) 39-48-68 телефоны бойынша хабарласа алады», – деп атап өтті әкімшілік Полиция басқармасының аға инспекторы Құрман Мусин.