Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ағайынды үш жігіттің органдағы орны

23 маусым – Қазақстан полициясы күні қарсаңында Polisia.kz редакциясы Отанына адал қызмет етіп, ел қорғаны болған полицейлер туралы мақала жариялайды.

Күндердің бір күні СҚО Тайынша ауданының полиция бөлімінде телефон шырылдады. Облыс бойынша кезекші ашулы дауыспен: “Не жазғансыңдар: “Оқиға орнына шыққандар: АІІБ бойынша жауапты Ыбыраев, тергеуші Ыбыраев, учаскелік полиция инспекторы Ыбыраев”? Түзетіңдер!” Алайда, түзететін ештеңе болған жоқ: ұрлық жасалған орында иық тіресе үш ағайынды Ыбыраевтар жұмыс істеді: Дәурен, Ерлан және Ержан – Тайынша ауданының полиция бөлімі бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары, учаскелік полиция инспекторы және тергеуші. Мемлекеттік қызметте туған-туыстар бір-бірінің қарамағында жұмыс істемеу керек, сондықтан аудандық ІІО ағайындылар түрлі бөліністерде қызмет атқарады, тек бір жағдайда ғана тергеу шеңберінде үшеуіне кездесуге тура келді.

Ағайынды Ыбыраевтар – полицейлердің екінші ұрпағы. Әкелері – Мәули өмір бойы МАИ-да жұмыс істеді. Ол 1999 жылы 44 жасында зейнетке шығысымен дүниеден озды, төрт баласының үшеуінің форма киіп, офицер атанғандарына қуанып та үлгермеді. Бірақ балалары көзі тірісінде-ақ таңдауларын жасап қойған. Күн сайын қоғамға беріле қызмет атқарып жүрген ата-аналарын көріп өскен балалардың басқа мамандықты таңдауы мүмкін емес еді. Аналары – Қалампыр – педагог, төртінші бауырлары – Нұржан, анасының жолын қуып, Тайынша орта мектебінде сурет пен сызудан сабақ береді.

Бүгін Мәули мен Қалампыр 9 немере сүйіп отыр… Аналарының үйі отбасы қауышатын қасиетті мекен. Полиция қызметінде сирек болатын демалыстары сәйкес келгенде бауырлар отбастарымен осы жерде кездеседі. Анасының әзірлеген тәтті-дәмділері тартылған дастарқан басында үлкендері жаңалықтарымен бөлісіп, мәз-мейрам болады, олардың балалары болса, бір кездегідей, әкелеріне қарап бой түзейтін шығар…

– Біз қайсысының әулет дәстүрін жалғастыратынын білмейміз, олардың мамандық таңдауларына араласпаймыз, – дейді ағайындылардың үлкені Ерлан. – Біз тек олардың қоғамға адал қызмет ететін лайықты азамат болып өскендерін қалаймыз. Әр қайсысының атақ, даңқ үшін емес, елдің құрметіне бөленуі үшін қызмет атқарса дейміз. Бізді де әкеміз солай тәрбиелеген: ең маңыздысы – ісіңе, еліңе адал болу. Қазіргі полицияның жазалаушы орган кейпінен алшақтағанын көреміз және бүгінгі күні әке өсиетінің өзектілігін байқаймыз. Әкем: құқық қорғаушылар – халық қызметшілері, азаматтарға көмек көрсету және қорғау олардың міндеті деп әрдайым айтып отыратын.

Әсіресе, Чермошнянка ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Ерланға әке өсиеті өте бағалы! Учаскелік инспектор – халықпен тығыз жұмыс жасайтын лауазымдардың бірі. Қызметтегі уаскелік инспектордың компасы – адалдық, тура жүрген жағдайда ғана адамдардың сеніміне ие боласың.

…2018 жылғы қарашада Ново-Ивановка ауылында өрт болды. Көршісінің үйінен түтінді байқаған әйел, алғашында Ерлан Ыбыраевқа қоңырау соққан; тек содан кейін “101” хабарлаған. Абырой болғанда, осы кезде Ерлан ТЖ жұмыс істейтін жолдасы Олег Солодкомен бірге болған. Оқиға орнына өрт сөндірушілерден бұрын жеткен екі жолдас, тәуекелге бел байлап, өртеніп жатқан үйден 65 жасар тұрғынды алып шығып, жасанды дем алдыру жасады. Тұрғындардың өз учаскелік инспекторларын жақсы біліп, сенгендіктері адам өмірін аман алып қалуға септігін тигізді…

Келесі жылы батылдығы үшін Ерлан “Ерлігі үшін” медалімен марапатталды және солтүстікқазақстандық полицейлердің алғашқыларының бірі болып ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолын алды. Өзі болса, адам өміріне араша түскені үшін әкеме, оның берген ақыл-өсиеттеріне алғыс білдіру тиіспіз дейді. Салтанантты марапаттудағы фотосуреттер бүгінде аудандық полиция бөлімінің дәлізіндегі қабырғада ілулі тұр, кейін 2019 жылы ашылған музей бөлмесінен орын алады. Ағайынды полицейлер аудан халқы, замандастары және көзі көрген әріптестері жылы лебізбен еске алатын әкелерінің жетонын, жезлын және фотосуреттерін музейге әкелген.

– Бұл жәдігерлер қызмет пен өміріміздің арасын байланыстыратын тағы бір құрал, оларды бір-бірінен ажыратып елестету қиын, – дейді Ерлан. – Полиция бөлімі біз үшін – балалық шақтың бір бөлігі, мен сияқты бауырларымның да, ортадағы түрлі-түсті ойыншықтармен безендірілген шыршаны еске салатын, акт залында жиналыстарда отырған кездерінде ерекше сезімді бастан кешіретіндерін білемін. Сол кездің өзінде-ақ, отыз жыл бұрын, аудандық бөлім мен үшін туған үйімдей болды. Әкем домбырада, гитарада жақсы ойнайтын, мен қосылып ән айтатынмын, бірге көркемөнерпаздар байқауына қатысатынбыз. Бізді тіпті, облыстық байқауға да шақырған, әкем жұмысын тастап кете алмаған соң, қатыспадық. Менің балаларым өскен соң полиция қызметі жайлы не айтатынын білмеймін, бірақ жақсы ой қалыптасады деген сенемдемін…

Бір нәрседен күмәнданбауға болады: Мәули Ыбыраевтың немерелері қандай жолды таңдаса да, дәстүрге берік отбасының абыройына нұқсан келтірмейді. Дәстүр жайлы айтатын болсақ, Ерлан мамандық таңдауда ғана емес, өмірлік серігін таңдауда да әкесіне ұқсаған. Оның жары Диана – мұғалім. Айпақшы, бұл сирек кездесетін жағдай емес, СҚО ПД бөліністерінде 50-ге тарта полиция қызметкері өмірін педагогтармен байланыстырған, бұл погонды ерлі-зайыптылар отбасынан артық (полицейлер отбасы 40 шақты).

Солтүстікқазақстандық полицияда барлығы 100-ден астам отбасылық әулет қызмет атқарады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру