Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұрланған жылқыны сатып жіберген ер адам ұсталды

Түркістан облысының полицейлері жылқы ұрлап, өзгеге сатып жіберген күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісай АПБ-не жергілікті тұрғын көмек беруін сұрап хабарласқан. Ер адамның айтуынша, оның үйінің жанында байлаулы тұрған жылқысын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығынның жалпы көлемі бір миллион теңгені құрады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-1-бабы бойынша тіркеліп, СДТТБТ-не енгізілді.​​

Осы ауыр қылмысты ашу мақсатында Жетісай АПБ КПБ-нің тәжірибелі жедел уәкілдерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер жақын аймақтарды аралап, куәгерлерден жауап алып, мал базарларды мұқият қарап шықты. Нәтижесінде ұрланған жылқының қаладағы мал базарлардың бірінде сатылымға шығарылғанының үстінен түсті. Сұрастыру барысында сатып тұрған адам жылқыны 420 000 теңгеге өзіне бейтаныс адамнан сатып алғанын, сәл күдігі болғасын ол жігітпен суретке түсіп алғанын жеткізді. ​​​​​Фотосуреттегі адамның жеке-басын анықтау барысында полицейлер оның бұрын сотты болған жергілікті тұрғын екенін анықтады.

Тәртіп сақшылары күдікке ілінген тұрғынның жүрген жерін анықтау мақсатында қажетті шараларды іске асырды. Қорытындысында күдіктінің Семей қаласында кафелердің бірінде жұмыс істейтіні белгілі болды. Оны ұстауға Қазақстанның шығыс бөлігіне екі жедел қызметкер шықты. Мал ұрысына  кісен тікелей жұмыс орнында кигізілді. Қазіргі уақытта күдікті Жетісай АПБ-не жеткізілді. Ол өз кінәсін толық мойындады. Қамауға алынды. Аталған қылмыстық іс ҚР ҚК-нің «Мал ұрлығы» бабы бойынша сотқа жолданды.​​​​​​​​​​

Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға мал ұрлығын болдырмау үшін малдарыңызды қараусыз қалдырмаңыздар деп ескертеді. Оған қоса қора-жайларыңызды мықты материалдармен бекітіп, аулаларыңызды жарықтандырыңыздар. Егер де малыңыз жоғалып немесе ұрланса, тез арада полицияның «102» нөміріне хабар беріңіздер.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру