Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында 80 метр балық аулайтын тормен браконьерлер құрықталды

100 келіден артық тірі балық тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

17 шілдеде табиғатты қорғау полициясы мен балық аулау шаруашылығы ассоциация өкілдерімен бірлесіп, браконьер бір топты құрықтады.
Іле ауданы Междуреченск ауылдық округінің Сарыбұлақ көлінде әлдебір адамдар торлар арқылы балық аулап тұр деген жедел ақпаратты ала салысымен, табиғатты қорғау полицейлері балық аулау шаруашылығы ассоциациясының өкілдерімен бірге аталған жерге келіп жетті. Дәл іс үстінде олар автокөлік пен арқан арқылы судың ішінен балыққа толы торды алып шығару сәтінде заңсыз балық аулаған ер адамдарды қолға түсірді.

Ұсталған төрт ер адам Қарасай ауданының тұрғындары болып шықты. Тәртіп сақшылары заңсыз балық аулау процесін тіркеп, олардан 80 метр балық аулайтын торды, 100 келіден көп тірі балықты, оның ішінде 70 келіден жоғары сазан және 30 келіге жуық мөңке балықты тәркіледі. Аталған дерек ҚР ҚК 335-бап 3-бөлігінің 4-тармағы «Бір топпен жасалған балық ресурстарын заңсыз аулау» бойынша сотқа дейінгі бірыңғай реестріне тіркелді. 

Заңсыз балық аулауға жұмылдырылған автокөлік құралы соттың шешіміне дейін арнайы тұраққа қойылды. Күдіктілерге қатысты тұрғылықты жерлерінен тыс шықпаулары және тиісті тәртіпті сақтау туралы бұлдартпау шарасы қабылданды. Тәркіленген балық қабылдау пунктіне өткізілді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру