Зейнеткер телефонына қоңырау шалғандардың интернет-алаяқтар екенін анықтады
Петропавлдық зейнеткер телефонына қоңырау шалғандардың интернет-алаяқтар екенін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қаласы Полиция басқармасының қызметкерлері интернет-алаяқтық фактілерін ескерту жұмыстарын жалғастыруда. Талдау көрсеткендей, алаяқтар зейнеткерлерді алдауға тырысады: арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдаланып, арам ойларын танымал әлеуметтік желілерде жүзеге асырады.
Бірнеше күн бұрын Петропавл тұрғыны Лариса Владимировнаға белгісіз біреулер қоңырау шалып, өздерін банктің қауіпсіздік қызметінен деп таныстырған. Оған сенімді дауыспен біреулер карточкасының құпия сөзін біліп алып, бұзып кіргендері туралы хабарлаған. Бұрын теледидардан интернет-алаяқтардың құрбанына айналмаудың жолдары туралы кеңестерді естіген 67 жастағы зейнеткер әсте абыржыған жоқ:
– Маған үй телефонына хабарласып: «Лариса Владимировна?» деп сұрады, мен: «Иә» дедім. Маған: «Карточкаңызға бұзып кірген. Қарағандыдан Белов Михаил. Бұндай адамды танисыз ба?» Мен: «Жоқ» дедім. Олар: «Біз қазір сізге сұрақтар қоямыз, ал сіз жауап беріңіз». Мен: «Мен ешқандай сұрақтарға жауап бермеймін, ертең банкке барып, мән-жайды анықтаймын» дедім. Олар тұтқаны тастай салды. Бірер минуттан кейін соң, оларға қоңырау шалсам, ешкім жауап бермейді.
Бірден полицейлерге хабарласқан қырағы қала тұрғынына жедел уәкілдер бұны алдап-арбаудың кең тараған түрі екендігін айтты. Бүгінгі күнге дейін облыс орталығында осындай 18 факті тіркелді. Зейнеткерлердің аңғалдығын пайдаланып, алаяқтар куәліктерінің жеке сәйкестендіру нөмірлерін, карталарының нөмірлерін, құпия сөздерін сұрап алады. Кейін картадағы ақшаны аудару – техниканың ісі. Криминалдық полиция қызметкерлері пандемия басталғаннан интернет-алаяқтардың жұмыстарының барынша қарқын алғандығын айтады. Олар өз кәсіптерінде тек әлеуметтік инженерияны ғана пайдаланбайды, құрбанына айналуы ықтимал адаммен байланысатын телефон нөмірлерін ауыстыратын арнайы бағдарламалармен жұмыс істейді.
– Алаяқтар банк қызметкерлері атынан хабарласып, клиенттерге олардың карталары бойынша күдікті аударымдар жүргізіліп жатқаны туралы хабарлайды. Шынайылық үшін алаяқтар банктердің, олардың CALL-орталықтарының нөмірлерін түрлі бағдарламалар арқылы көшіріп алып, қоңырау шалады. Телефон арқылы сөйлескен кезде олар банктегі қауіпсіздік қызметкерлерінің ролін шебер атқарады. Терминдерді таңдап, әңгімелесуді сыпайы және сенімді түрде жүргізеді. Алаяқтар адамның оған сеніп қалғанын түсінген кезде, ол транзакцияны тоқтату үшін ИИН мен төлем карточкаларының деректемелерін сұрап алады, – дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.
Аферистер телефонды ғана емес, жалған аккаунттар арқылы түрлі тауарлар мен қызметтерді ұсына отырып, «Instagram» әлеуметтік желісін де пайдаланады. Жедел уәкілдер мұның алдын алу мақсатында тұрғындар арасында ақпараттандыру жұмыстарын жүргізеді, жадынамалар таратып, қарт туыстары мен көршілеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шақырады. Жыл басынан Петропавлда инетернет-алаяқтықтың 183 фактісі анықталды.