Алматы облысында 202 армениялық көлік тіркеуден өтті
Полицейлер Армения елінен келген көліктерді уақытша тіркеу мерзімі шектеулі екенін ескертті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысының тәртіп сақшылары Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында Армениядан әкелінген көліктерді уақытша тіркеу мерзімінің аз қалғанын хабарлады.
– Қазіргі уақытта Армения мемлекетінен әкелінген көліктерді тіркеу жалғасуда. Бұл елімізде тіркелмеген көлікті мемлекеттік тіркеуге қою үшін бірегей мүмкіндік. Осы шара барысында 202 көлік тіркеуге қойылды. Армениялық тіркеудегі көлігі бар азаматтарды жергілікті Әкімшілік полиция басқармасына хабарласып, мемлекет тарапынан жасалып отырған ұтымды мүмкіндікті пайдалануға шақырамын, – деді Алматы облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Нұржан Таңатаров.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет Басшысының тапсырмасына орай қабылданған ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 20 мамырындағы №306 қаулысына сәйкес Армения Республикасынан әкелінген көліктерді елімізде уақытша тіркеуге қою мәселесі біріздендірілген болатын. Аталған құжатта уақытша тіркеу мерзімі 2020 жылдың 1 маусымынан 1 қыркүйегіне дейін деп көрсетілген.
Қазақстан Республикасында уақытша тіркеуге қойылған Армения мемлекетінің көлігіне тиісті үлгідегі мемлекеттік тіркеу нөмірі беріліп, оларға салық төлеуге және көлікке қатысты барлық заңды әрекеттерді іске асыруға мүмкіндік жасалады.