Дәнекерлеу аппараты мен қой ұрлаған ер адамдар ұсталды
Түркістан облысының полицейлері дәнекерлеу аппараты мен қой ұрлығы қылмысын ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-нің кезекші бөліміне аудан ауылдарының бірінің тұрғыны ұрлық туралы арыз түсірген. Жәбірленушінің айтуынша белгісіз адамдар оның гаражынан құны 30 мың теңгеден асатын дәнекерлеу аппаратын ұрлап кеткен . Бұл факті ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша СДТТБТ-ға тіркелді.Оқиға орнына Сарыағаш АПБ жедел-тергеу тобының қызметкерлері шықты. Полицейлер жақын аймақтарды аралап, куәгерлерден және көршілерден сұрастырып, жан-жақты іздестіру жұмыстарын жүргізді.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Сарыағаш АПБ ЖПҚ-нің учаскелік полиция инспекторлары техниканы ұрлаған күдіктіні «ізін суытпай» ұстады. Өз кінәсін толық мойындаған күдікті, Сарыағаш қаласының тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Айғақты зат тәркіленіп алынды. Күдікті қолхатта.
Сонымен қатар, Сарыағаш ауданының полицейлері бір ай бұрын жайылымнан екі қой ұрлаған кезекті мал ұрыларын қолға түсірді. Полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, әрқайсысының құны 40 мың теңге болатын қойлары жоғалып кеткенін хабарлаған. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері мал ұрысының ізіне түсті. Ұрланған қойларды тәркілеген полицейлер, күдікті ретінде тағы бір Сарыағаш қаласының тұрғынын ұстады. Қазіргі уақытта мал ұрлау фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болып, мүліктерін ұрлатпаудың шараларын қолдану қажеттігін ескертеді. Аулалар менқора-жайларын сенімді қоршаумен нығайтып, жақсы жарықпен жабдықталуы керек. Бағалы заттар мен құрылыс техникасын оқшау жерде сақтау және көзге көрінетін жерде қалдырмау қажет. Сондай-ақ, еркін жайылымдарда мал жаю кезінде бақташыларды жалдап, малды қараусыз қалдырмау керек. Себебі, иесіз мал, кез-келген басқа ұрылардың назарын оңай аударады. Егер сіз біреудің мүлкін ұрлаудың немесе мал ұрлығының құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға «102» телефоны арқылы хабарласыңыз.