Суға шомылып, карантин талаптарын бұзған тұрғындар анықталды
Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты полиция басқармалары мен бөлімдері орналасқан аудандарда рейд жұмыстары күшейді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаз мезгілі келіп, күн ысыған сайын өзен-көлдер мен каналдарға барып суға түсушілер көбейеді. Алайда Түркістан облысының бас санитар дәрігері Н.Нышановтың қаулысына сәйкес, карантин талаптарын қатаң ұстану үшін сонымен бірге әр азамат өз денсаулығын сақтау мақсатында шомылу маусымынан уақытша бас тартқаны жөн.
Дей тұрғанмен бүгінгі таңда бетпердесіз жүрген азаматтардан бөлек, карантинге бағынбай, бас қосу арқылы суға түсіп заң бұзғандар саны азаяр емес. Осындай олқылықтардың алдын алу және болдырмау мақсатында Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты полиция басқармалары мен бөлімдері орналасқан аудандарда рейд жұмыстары күшеюде.
Мәселен, Бәйдібек ауданының полицейлері рейд кезінде карантин талаптарына қарамастан, суға шомылып жүрген 55 адамды анықтады. Тәртіп сақшылары оларға ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабымен хаттама толтырды.
Дәл осындай жайт Сарыағаш ауданында да орын алды. Сарыағаштық сақшылар ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабымен 69 адамды ұстады. Сондай-ақ оларға арнайы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Өз кезегінде облыс полицейлері індеттің таралуын болдырмау үшін, сақтық шараларын қатаң ұстануды ескертеді.