СҚО полицейлері бір айдың ішінде 700-ден астам карантин бұзушылығын анықтады
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері бір айдың ішінде 700-ден астам карантин бұзушылығын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО-да карантиндік шектеулердің сақталуын 20 шілдеде құрылған санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау және мониторинг жүргізу жөніндегі жұмыс топтары бақылайды. Оның құрамында әкімдік, прокуратура, санэпидбақылау өкілдерімен бірге облыстық полицияның қызметкерлері де бар. Жұмыс мақсаты – пандемия кезеңінде халықты қауіпті індеттен қорғау және карантиндік режимнің бұзушылықтарын анықтау.
Індет жұқтыру қаупі жоғары болғандықтан, адамдар жаппай жиналатын орындар тексерушілердің басты назарына алынды. Бірінші кезекте дүкендер тексерілді. Өкінішке орай, сауда орындарының иелері мен қызметкерлері бәрі бірдей клиенттердің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарамайды. Адамдармен үнемі тығыз қарым-қатынаста бола тұра, олар бетперде тағу режимінің сақталуын және санитайзерлерді пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етпейді және қолғап кию қажеттігін елемейді. 30 күннің ішінде облыста осындай 200-ден астам бұзушылық анықталды. Ұқсас фактілер 24 дәмханада анықталды, тағы 7 факті демалыс базаларында орын алған. Ең өрескел бұзушылықтардың қатарында – клиенттердің арасында әлеуметтік ара қашықтықты сақтамау. Демалыс күндері карантин күшейтілген уақытта қызметін тоқтатуға міндетті демалыс базалары екі рет жұмыс істеген.
Жұмыстың ерекше желісі – үй карантинінің сақталуын тексеру. Симптомдары жоқ науқастар мен байланыста болған тұлғалар өз бетімен оқшаулану міндеттемесіне қол қояды, дей тұрғанымен, 20 шілдеден бері бұл міндеттемені 21 адам бұзған.
– Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен қабылданған шектеулер індет жұқтыру қаупін төмендетуге бағытталған, – деді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев. – Өкінішке орай, басқа облыстарда орын алған коронавирустық инфекцияны жаппай жұқтыру жағдайларынан кейбір солтүстікқазақстандықтар өздеріне ой түймеген. Адамдар бетперде тағу режимін елемейді, кейбір кәсіпкерлер олжа табу үшін тыйымдарға көз жұмып, келушілердің өмірі мен денсаулығын қауіпке тігеді.
СҚО-да жұмыс топтары жұмысын бастағалы халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саулығы саласында 757 бұзушылық анықталды, оның 295 Петропавл қаласында. Полицейлер аса қажеттілік туындамаса, айыппұл жазасына жүгінбеуге тырысады, үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, заңнама талаптарын түсіндіреді және халықты коронавирустың таралуын тоқтату қажеттілігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.