«Жұмысқа тұру кезіндегі көмек»: интернет-алаяқтардың әрекеті әшкере болды
СҚО-да интернет-алаяқтар жұмысқа тұру кезінде көмек көрсету және банк карталарын бұзып иемдену әрекеттерін пайдалануда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстікқазақстандық полицейлер халықты интернет желісіндегі күмәнді қызметтерді пайдаланбауға, сондай-ақ қаржы операцияларын жасарда сақ болуға шақырады. Петропавл қ. ПБ Бірінші полиция бөліміне интернет-алаяқтық фактілері бойынша екі ұқсас арыз келіп түсті. Алаяқтар көп таралған сценарий бойынша әрекет еткенімен, бұл адамдарды жәбірленуші болудан сақтамады.
Жұмыс іздеп жүрген 54 жастағы петропавлдықты жалақысы жоғары «В» санатты жүргізуші жедел қажет деген интернет-хабарландыру қызықтырған. Ер адам жұмыс берушімен телефон арқылы байланысқан. Әңгіме барысында оның бұл орынға сәйкес келетіні белгілі болды, алайда, жұмысқа орналасу үшін санитарлық кітапша және денсаулық жағдайы туралы медициналық анықтама ұсынуы қажет екен. Барлығын «таныс арқылы» жылдам, бірақ белгілі бір төлемге жасау мүмкіндігін ұсынған. Жұмысқа орналасушы берілген нөмірге қажетті соманы аударыпты. Кейін ер адамнан электронды рұқсат қағазын әзірлеу үшін қосымша ақы тағы сұраған екен, бірақ ол ақшасының жоқтығы туралы айтып, бетпе-бет кездесуді ұсынған, осыдан кейін қаскөйлер байланысты үзіп, телефонды өшіріп тастаған. Ер адамға полицияға жүгінуге тура келді.
Интернет-алаяқтықтың тағы бір жиі кездесетін тәсілі бар. Адамдарға белгісіз біреулер хабарласып, олардың банк карталарын біреулер бұзып иемденбекші дейді. Осындай айлаға 48 жастағы облыс тұрғыны алданып қалған. Сыпайы және сенімді көрінген адамға әйел сеніп, оның барлық «нұсқауларын» орындаған: депозит шотынан картаға 130 мың теңгені аударып, телефон арқылы карта нөмірін айтып берген. Кейін қаскөйдің құрығына түсіп қалғанына көзі жетіп, полицияға жүгінген. Қазіргі уақытта полицейлер қаскөйлерді анықтау бойынша жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізуде.
– Соңғы кезде интернет-алаяқтар әрекеттеріне белсенді кіріскені туралы ескертеміз, бұл ретте қаскөйлер әр түрлі криминалдық сценарийлер мен тәсілдерді қолданады, – деп атап өтті СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров. – Алаяқтардың құрбанына айналмас үшін қандай жағдай болмасын жеке мәліметтерді, карта нөмірлерін, логин мен парольдерді біреулерге беруге болмайтыны туралы ұмытпаған жөн. Белгісіз біреулер хабарласса, үрейге беріліп, қаржы операцияларына қатысты асығыс әрекеттер жасамаған жөн. Барлығын мұқият тексеру қажет, алданып қалған жағдайда бірден полицияға хабарласу керек.