Атырауда заңсыз жұмыс жасаған кондитер цехы анықталды
Атырау полицейлері қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы өкілдерімен біріккен рейдтік шара барысында қаладағы Махамбет көшесіндегі үйлердің бірінің ауласынан шағын кондитерлік цех анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жеке меншік үй ауласындағы ғимаратта орналасқан бұл шағын кәсіпорынның өкілі ретінде өзін таныстырған азаматтың айтуынша, бұл цехтың әзірге ірі көлемде тәттілер мен өзге де кондитерлік өнімдерді дайындамағанын атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, тек өздерінің туыстарына ғана тәттілерді дайындаумен айналысып келеді. Бірақ, тәртіп сақшылары, санитарлық талаптарға сай келмейтін жерде торттар, бөлкелер секілді тәттілер дайындалып, жұмысшылары қала тұрғындарына таратып келгенін анықтады.
«Тәттілер» цехының иесіне қатысты жинақталған құжаттар қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.