СҚО-да полицейлер «Астық» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде 5 қылмысты ашты
Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері «Астық-2020» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында шаруа қожалықтарының бірінен дизель отынының бірден үш ұрлығын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аудандық полицияға Ақбұлақ және Кішкенекөл ауылдарының арасында егіншілік жұмыстарына тартылған техникадан дизель отыны ұрланып жатқаны туралы ақпарат келіп түседі. Жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп, нәтижесінде ұрлық жасауда күдікті сол шаруа қожалығының механизаторы әшкереленді. 58 жастағы ер адам өзінің «К-701» тракторына жанар-жағармайды құйып алып, «КамАЗ» жүргізушілеріне сатқан. Оның үш ұрлыққа қатысы анықталды. Ұрланған жанар-жағармайдың көлемі – 160 литр. Оның 80-і алынды, астық егетін кешенде жасырылған жанар-жағармайдың бір бөлігі канистрде болған. Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаровтың ақпараты бойынша 20 тамыздан облыс аумағында «Астық-2020» жедел-профилактикалық іс-шарасының үшінші кезеңі өткізілуде. СҚО Полиция департаментінің бастығы Марат Төлебаев іс-шара қарсаңында солтүстікқазақстандық полицияның барлық жеке құрамын егін оруға қатысатын диқаншылар мен ауыл тұрғындарына көмек көрсетуге бағдарлады. Облыста 4 миллион гектарға жуық егістік алқабы бар. Полицейлердің міндеті – қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, астық пен астық өнімдерінің, жанар-жағармай, ауыл шаруашылық техникасы мен қосалқы бөлшектердің ұрлығын анықтау және жолын кесу. «Астық-2020» операциясының аясында облыстың барлық аудандары бойынша күнделікті рейдтерді және түсіндіру жұмыстарын 13 мобильді топтың қызметкерлері жүргізеді. Топтар құрамында жедел уәкілдер, учаскелік инспекторлар және патрульдік полицейлер. Іс-шара басталғалы облыс бойынша «Астық-2020» іс-шарасы аясында бес қылмыс тіркелді, барлығы ашылды.
– Астық, ауыл шаруашылық техникасы, қосалқы бөлшектер мен жанар-жағармай ұрлығына жол бермеу мақсатында, барлық кәсіпорындардың басшыларын егіс даласында, қамбада, қоймаларда тиісті қауіпсіздік деңгейін алдын ала қамтамасыз ету қажеттігі туралы ескертеміз. Күзету, сигнализацияны орнатудан бөлек, қылмысты ашуға және ескертуге көмектесетін тиімді шаралардың бірі бейнебақылау жүйелері туралы да ұмытпаған жөн, – деп атап өтті Руслан Назаров.