Алматы облысында есірткі өсімдіктерін үйде өсірумен айналысқан наркорецедивист ұсталды
Күдіктінің ауласынан қарасора түріндегі 21 түп өсімдік тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлер 57 жастағы үй иесінің құрамында есірткі бар қарасора өсімдігін өсірумен айналысқанын анықтады.
– Тыйым салынған өсімдіктерді өсіру дерегі Іле ауданы Көкқайнар кентінің саяжай қоғамында тіркелді. “Наркотик” жедел-іздестіру іс-шарасы барысында бұрын есірткі заттарын сақтағаны және өткізгені үшін бірнеше рет сотты болған саяжай қоғамы тұрғынының қарасора өсіріп, оны суарып, күтім жасайтындығы туралы ақпарат келіп түсті. Көрсетілген мекен-жайға келген тәртіп сақшылары үй иесін аталған жерден таба алмаған, себебі ол бау-бақша арқылы ізін суытқан. Қашып кеткен азаматтың жұбайының қатысуымен жүргізілген жер учаскесін қарау кезінде құқық қорғау органдары қарасора түріндегі өсімдіктердің 21 түбін және ерекше иісі бар өсімдік тектес ұсақталған заты бар газеттік ораманы тауып, тәркіледі, – дейді Алматы облысы ПД Есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Қазбек Мұхамедов.
Аталған дерек негізінде ҚР ҚК 300 – бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалып,сотқа дейінгі тергеу амалдары шеңберінде тиісті сараптамалар тағайындалды.
– Біз түнде күдіктіні ұстадық. Ол тыйым салынған өсімдікті өзі үшін, яғни, марихуананы өндіру және пайдалану мақсатында өсіргенін жеткізді. Тергеу барысында ұсталған азаматқа қатысты «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат» бұлтартпау шарасы таңдалды, – деп толықтырды Қазбек Мұхамедов.
Жыл басынан бері Алматы облысында 464 қылмыстық құқық бұзушылық анықталған, оның 364-і есірткіге қатысты теріс қылық және 100-і есірткі қылмысы.