Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысының полицейлері 6 ауданнан мал ұрлаған 2 қылмыстық топты ұстады

Түркістан облысының полицейлері алты ауданнан мал ұрлаған екі қылмыстық топты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

2019-2020 жылдар аралығында Сарыағаш, Төлеби, Сайрам, Түлкібас, Бәйдібек, Ордабасы АПБ-не 23 жәбірленуші арызданған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, белгісіз адамдар олардың қора-жайларынан, жайылымдардан 20 бас ірі-қара малы мен 58 бас жылқысын қолды еткен. Аталған жайт СДТТБТ-ға 188-1 бап (Мал ұрлығы) бойынша тіркеліп, полицейлер шұғыл іздестіру іс-шараларына кірісті. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі 40 миллионға жуық теңгені құрады.
Орын алған қылмыстың ауырлығын ескерген ТО ПД-нің КПБ мен аудандық полиция бөлімдерінің тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Арнайы топ мал ұрлаушыларды ұстау мен қылмысты ашуға бағыт алды. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы барлық аумақтар мен жайылымдарды аралап, көрген адамдар мен ауылдықтардан сұрастырып, мал тасымалдайтын автокөлік және үй малдарын сатып алатын орындарды мұқият тексеріп шықты. Нәтижесінде жедел уәкілдер екі бірдей қылмыстық топтың ізіне түсті. Оларды қыркүйек айының басында Сарыағаш, Төлеби аудандарымен Шымкент қаласындағы тұрғылықты мекен-жайлары бойынша ұстады.

Белгілі болғандай, бес адамнан құрылған қылмыстық топтың бірі ұрланған малдарды жүк көлігіне артып, әкетіп отырған. Ал, екінші қылмыстық топ өздерінің арнайы қора-жайларын жасырып ұстап отырған. Бүгінгі таңда сегіз күдікті қамауға алынды. Олар Түркістан мен Шымкент қаласының тұрғындары. Күдіктінің бесеуі бұрын да осыған ұқсас қылмыс жасап сотты болғандар.
Сондай-ақ ұрланған малдарды сатып алып отырған төрт адам ұсталды.

Күдіктілердің 42 бас жылқы табылып тәркіленіп алынды, оларды полицейлер заңды иелеріне қайтарды. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру