Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қазақстанның үздік тергеушісі Евгений Лешков: «Мемлекеттік тілдің көп көмегі тиді»

Төрт тілде еркін сөйлейтін Қостанай облысы Полиция департаментінің тергеушісі полиция капитаны Евгений Лешков мемлекеттің тілдің қызметіндегі көмегі жайында айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Дархан даласындай көңілі кең қазақ елі көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына басып келеді. Бір шаңырақ астында бірлік пен татулықты ту еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы өзге елдерге үлгі боларлық. Оның үстіне, соңғы жылдары өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылық артып келеді. Олар тілді меңгеру арқылы халқымыздың ауыз әдебиеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен жақынырақ танысып келеді. Сол сияқты олардың күнделікті өмірі мен қызметіне қазақ тілінің көп көмегі тиіп жүр. Бұл туралы ойымен Қостанай облысы Полиция депаратментінің тергеушісі полиция капитаны Евгений Лешков айтты.

Евгений Лешков – 2015 жылы «Қазақстанның үздік тергеушісі» атанған. Кәнігі тергеуші қылмыстық істерді қазақ және орыс тілдерінде ашып көзге түсті. Қостанайлық полицейдің қырағылық қасиеті мен төрт тілде меңгергені үшін ерекше құрметтейді.

Евгений – Қостанай қаласының тумасы. 1989 жылы дүниеге келген. Ең алғаш облыс орталығында орналасқан орыс тіліндегі мектептке білім алады. Тек 7 сыныпты Қостанайдағы дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінде бастайды. Осы сәттен Евгений мемлекеттік тілді меңгереді.

– Қазақ-түрік лицейінде төрт тілді үйренгуге мүмкіндік болды. Сабақ қазақ, түрік, ағылшын тілдіренде өтетін. Қазақ тілін меңгерген соң ақырындап түрік тілін де түсіне бастадым. Лицейді тәмамдап шыққанша төрт тілде де едәуір сөйлейтін болдым, базалық білімнің пайдасы тиді. Шындығын айтқанда, 2000 жылдардың басында Қостанайда қазақша сөйлейтін адам аз еді. Мен сөйлегенде бәрі таң қалатын. Қазір бұл жағдайға көбісінің көзі үйренді. Мемлекеттік тілде сөйлейтіндердің саны артты, – дейді Евгений Лешков.

Оқушы Евгений сабақтан тыс уақытта қазақ тілінде газеттер оқып, теледидардан түрлі бағдарламалар көріп, қазақ тілін жетілдіре түскен. Ал өзінің алға қойған мақсатына күнделікті қажырлы еңбектің арқасында жеткенін айтады.

– Әлі де қазақ тілін 100% меңгерген жоқпын. Мендегі бұл процесс әлі жүріп жатыр. Осы тілде сөйлеп, жаза алсам да, қазақ тілін жетік меңгеруге тырысып жүрмін, – дейді ол.

Ұлты бөлек болса да, ойы қазақ жігіттің айтуынша, тілді жетік меңгеру үшін ең алдымен қажеттілік керек. Өйткені, сол тілге күнің қарамаса, оны үйрену де мүмкін емес. Одан соң оны қолданысқа енгізбесеңіз, тілді үйренуге жұмсалған күш пен уақыт құр босқа кетеді. Сонымен қоса, ниеттен бөлек, сол тілде көп кітаптар оқып, аудармалар жасаумен айналысу қажет. Біртіндеп шағын мәтіндер жазудан бастап, маңыздысы сөйлесетін орта табу керек. Өйткені сөйлесетін адам болмаса, әрі қарай даму да мүмкін емес.

Евгений Лешков лицейді аяқтаған соң өз еркімен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қостанай қаласындағы академиясына жоғарғы оқуға түсті. Айтуынша, отбасында ешкім ішкі істер органында жұмыс істемеген. Ол бала күнінен полиция формасын киюді армандаған.

– 2008 жылы мектепті тәмамадаған соң алда мамандық таңдау шешімі тұрды. Мен ойланбастан полиция академиясына оқуға түстім. Өйткені, полиция формасын киюді бала күнімнен армандадым десем болады. Отбасымда ешкім ішкім ішкі істер органында жұмыс істегемен. Оқушы кезімнен өзімді осы бағытқа баулып, іштей дайындалып жүрдім. Қазір бұл таңдауыма еш өкінбеймін, – дейді полиция капитаны.

Оның айтуынша, акадмеия қабырғасында білім алып жүргенде де қазақ тілін білгеннің пайдасы орасан зор болған. Академия атынан білім олимпиадаларына, түрлі мәдени іс-шараларға қатысып, білім ордасының намысын қорғаған.

– Абай оқулары, Наурыз мейрамы сынды іс-шараларға үзбей қатысып жүрдім. Біріншіден, сабақ берген мұғалімдерім өте жақсы болды. Менің отбасымда ешкім қазақша сөйлемейді. Мемлекеттік тілді үйренуіме ұстаздарым мен достарым көмектесті. Күнделікті жаңалықтарды қазақ тілді сайттардан оқимын. Өзіме қажетті ақпараттарды да осы тілде аламын. Уақытым болғанда теледидардан қазақ тілінде бағдарламаларды көруге тырысамын. Сонымен қоса, әлеуметтік желілердегі қазақ тілді достарымның жазбаларын оқып отырамын, – дейді ол.

Академиядан жоғары білім алып шыққан соң Евгенийді Жітіқара қаласындағы қатаң режимдегі УК 161/3 түрмесіне жұмыс істеуге жібереді. Бір жарым жемісті жұмыстан 2013 жылы оны Қостанай қаласы Полиция басқарамасына тергеуші қызметіне шақырады. Екі жылдан соң аталған полиция басқармасында жеке тұлғаға қарсы жасалған қылмспен күрес бөлімінің бастығы болып тағайындалады. Биылғы жылдың ақпан айынан бастап Қостанай облысы Полиция департаментінде тергеуші болып жұмыс істейді. Қазіргі қызметінде оған қазақ тілін білгеннің көп пайдасы тиіп жүр.

Бір айта кететін жайт, Евгений Лешков 2015 жылы «Қазақстанның үздік тергеушісі» атағын жеңіп алған.

– Менің 2013 жылы жедел-тергеу тобының құрамындағы алғашқы рет қылмыс орнына шықтым. Оқиға орнында зейнеткердің өлімі тіркелді, – деп еске алады Евгений. – Мені жас қызметкер ретінде сол кезде тәлімгерім Абылай Әлиев қолдап, оқиға орнында қалай жұмыс істеу керектігін, дағдарыс жағдайында өзін қалай ұстау керектігін үйретті. Бұл қылмыс ашылды. Бірақ бірнеше жылдан кейін әлгі күдікті екі әйелді өлтірді, ол үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қазіргі таңда қылмыскер Жітіқара қаласында жазасын өтеп жатыр, – деді Евгений.

Алайда, тергеушінің есінде басқа қылмыс ерекше қалған. 2014 жылдың маусымында жасалған тағы бір қылмыстың ізін суытпай ашқан-ды. Қостанай орталығындағы бір жеке кәсіпорын ғимаратына күдікті полиция формасын киіп, кәсіпорын директорына пневматикалық тапаншамен қорқытып, үш миллион теңгеден астам ақша ұрлаған. Форма кигендегі мақсаты – ғимарат ішінде өзінен күдікті сейілткісі келген. Сатушыны қатты соққыға жыққан, бірақ жәбірленуші полиция шақырып үлгереді. Аталған факт бойынша жедел тергеу тобы құрылып, оның құрамына Евгений Лешков та кірді. Бір апта ішінде қарақшылық ашылды, ал күдікті Ресей Федерациясының аумағында қолға түсті.

– Қылмысты жасаған күдіктінің іс-әрекеті есте қалды, ол бәрін алдын ала жоспарлап, дайындалған. Дүкендердің бірінен полиция қызметкерінің формасын сатып алып, осылайша күдік туғызбайды деп үміттенген, – дейді Лешков. – Тек куәгерлер жалған полицейдің күнге қарсы көзілдірік киіп кіргенін байқаған. Полиция жарғысына сәйкес қызметтік киім-кешек пен күннен қорғайтын көзілдірік киюге тыйым салынады.

Осындай қырағылық қасиеттері үшін Евгенийді ұжымда ерекше құрметтейді. Мемлекеттік тілді меңгергені – бір төбе.Евгений жұмыста әріптестерімен де мемлекеттік тілде сөйлесіп, пікір алмасады. Бос уақытында қазақ әдебиетін, оның ішінде Абай Құнанбайұлының өлеңдерін сүйіп оқиды. Көпшілік жерлерде орыс жігітінің қазақша сайрап тұрғанын көргендердің ішінде әлі де таңғалатын азаматтардың барын айтады. Бірақ Евгений өзі бүгінде қазақ тілінде сөйлеу көпшілікті таңқалдыратын дүние емес деп ойлайды. Себебі мемлекеттік тіл – қазақ тілі.

– Еліміздің тәуелсіздік алғанына отыз жыл өтті. Мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Бәріміздің осы тілде сөйлеуміз міндетті, сол себепті бұл таң қалатын жағдай болмау керек. Менің кәсібімде қазақ тілін білу өте маңызды. Өйткені, полиция көмегіне әртүрлі адам жүгінеді. Кейбір істерді қазақ тілінде де ашқан кездерім болды, – деп ойымен бөлісті ол.


Евгений екі бала тәрбиелеп отыр, сол себепті барлық бос уақытын отбасына арнауға тырысады. Евгений оны курсанттық кезінен бері білетін әріптестері атап өткендей, ол ешқашан ешкімді қиын жағдайда қалдырмайды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру