СҚО-да жыл басынан 655 мас жүргізуші жауапқа тартылды
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер жыл басынан 655 мас жүргізушіні жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2 тамызда Челябі-Новосібір тас жолына қызмет ететін СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Пеньково мен Асаново селоларының арасында жолаушысы бар «Vortex» мотоциклін байқайды. Жүргізуші көлік құралын сенімсіз басқарған. Полицейлер мотоцикльді тоқтатады. Рөльде Петропавл қаласының 1975 жылы туған тұрғыны болған, ол жолға шығарда спирттік ішімдік ішкенін мойындады. Осындай жағдайда ол жолаушы, өзінің өгей әкесін облыс орталығынан 60 шақырымдай жердегі Мағжан Жұмабаев ауданындағы ауылдардың біріне жеткізбек болған. Полицейлер жолшыбай көлік тоқтатып, жолаушыны барар жеріне дейін жеткізуді өтінеді, ал жүргізушіні медициналық куәландырудан өтуге шақырады, оның нәтижесі масаңдық дәрежесін көрсетті. Бұдан басқа, мотоцикл жүргізушісі көлік жүргізу бойынша оқудан өтпегені және жүргізуші куәлігі болмағаны белгілі болды. Оған қатысты көлік құралдарын басқару құқығы жоқ жүргізушінің масаң күйде басқарғаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 6-бөлігі бойынша хаттама толтырылды. Сол күні қашықтан сот отырысы өтіп, жүргізушіні отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға үкім шығарылды.
– Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері масаң күйде көлік жүргізу фактілерін болдырмау бойынша жұмыс жүргізуде, – дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев. — Бұл ең өрескел және авариялық қауіпті құқық бұзушылықтардың бірі. Заңнамамен алкогольдік масаң күйде рөлге отыратын жүргізушілер үшін жауапкершіліктің күшейтілгені кездейсоқ емес. Мысалға, өткен жылы осындай құқық бұзушылықтың құрамы үшін әкімшілік қамаққа алу мерзімі 20 тәулікті құрады. Мас жүргізуші – қатер төндіретін қылмыскер, сондықтан заң шығарушылар мен полицейлер осындай фактіні жою үшін барынша мүмкіндік жасауда.
Барлығы жыл басынан облыс жолдарында ішімдік ішкеннен кейін көлік басқарған 655 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.