Қостанайлық полицейлер есірткі сатушылардың тобын ұстады
Қостанай полицейлері «Қарасора-2020» жедел алдын алу іс-шарасы аясында аса ірі мөлшерде героин есірткі затын өткізуге қатысы бар қылмыстық топтың қатысушыларын әшкереледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында облыс орталығының есірткі сатумен айналысатын бес тұрғынын ұстады. Топ мүшелерінің бірі Қостанай қаласында героин жеткізуді ұйымдастырды, қалғандары облыс аумағында таратумен айналысқан. Ұстау кезінде үш күдіктінің апиын қолдану фактісі анықталған. Жедел ақпаратты іске асыра отырып, қаскүнемдердің бірі «Mazda» автокөлігінде сауда орталығының жанында полиция қызметкерлерімен ұсталды. Ұстау барысында 46 жастағы ер адам жолдың жүру бөлігінің асфальтталған бетіне сарғыш және қара-сарғыш түсті заттар салынған бес ораманы лақтырып тастады. Сонымен қатар, автокөліктен қара-сарғыш түсті заты бар екі орама алынды. Сараптама қорытындысына сәйкес зерттеуге ұсынылған зат героин болып шықты.
– Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 262-бабы 1 және 2-бөліктері (Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оны басқару, сол сияқты оған қатысу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қазіргі уақытта төрт күдікті қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторында. Алынған героиннің жалпы салмағы 25 граммды құрады, – деп хабарлады Қостанай облысы ПД бастығының орынбасары Талғат Өтетілеуов.
Баптың санкциясы бірінші бөлігі бойынша жеті жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге, екінші бөлігі бойынша бес жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Екі жағдайда да мүлікті тәркілеумен. Жалпы алғанда, жедел уәкілдер «Қарасора-2020» жедел алдын алу іс-шарасын өткізу кезінде 470 кг-нан астам түрлі есірткі заттарын, оның ішінде 450 кг-нан астам марихуана және 15 кг-нан астам гашиш тәркіледі. Есірткі қылмысы үшін 55 адам ұсталды, оның ішінде 36 адамға қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы қолданылды. Қостанай облысының аумағында 1 маусымнан бастап «Қарасора-2020» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізіледі. Оның негізгі мақсаты – есірткіге байланысты құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл және алдын алу.