Мал ұрлаған қостанайық 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Қостанай полицейлері өңір аумағында мал ұрлығын кәсіп еткен бір топ адамды кезекті қылмыс үстіне ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық ПД криминалдық Полиция басқармасының қызметкерлері үш адамнан тұратын мал ұрлаушылар тобы туралы ақпарат алды. Тергеу іс-шараларын жүргізу нәтижесінде қаскүнемдер Рудный қаласында ұрланған жылқыны түсіру кезінде ұсталған болатын. Күдіктілер жануарды Алтынсарин ауданының тұрғынынан ұрлап кеткен. Қазіргі уақытта жылқы заңды иелеріне қайтарылды. Сонымен қатар, осы жылдың шілде айында Қарасу ауданының аумағында күдіктілердің жылқы ұрлығы фактісі дәлелденді. Сондай-ақ, жедел уәкілдер аталған топпен бірқатар ауыр қылмыстар жасау жоспарланғанын анықтады, атап айтқанда Қостанай ауданының кенттерінің бірінде 50 жылқы және Алтынсарин ауданының Щербаков кентінде 60 жылқы ұрлау көзделген. Қазіргі уақытта топтың екі айыпталушысы қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің 188-1-бабының 2-бөлігінің және 188-1-бабының 3-бөлігінің санкцияларына сәйкес, олар мүлкі тәркіленіп, үш жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.