«Жер алып беремін»: қызылордалық алаяқтың әрекеті әшкереленді
Қызылордада «жер алып беремін» деген желеумен тұрғынды алдаған алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы Полиция департаментімен алаяқтық қылмыстарының алдын алу және болдырмау бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға қарамастан, облыс көлемінде өзгенің меншігін алаяқтық жолмен иелену арқылы азаматтардың құқына қол сұғу деректері әлі де орын алуда. 8 қыркүйек күні Қызылорда қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне облыс орталығының 48 жастағы тұрғынынан арыз түсті. Белгісіз біреу «10 соттық жер алып беремін» деген желеумен 750 мың теңге ақшасын алдап алған. Тексеру барысында алаяқ сол күні тағы бір азаматшадан «дүкеннің құжаттарын дұрыстап беремін» деп 220 мың теңге ақшасын иемдеген.
Полиция қызметкерлерімен екі дерек бойынша күдікті Қызылорда қаласының 46 жастағы тұрғыны ұсталды.
Қазіргі таңда аталған деректер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабының 2-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.