Әке көрген оқ жонар
Қызылорда облысында әке ісін жалғастырып, полицейлер династиясын құрап отырған отбасылар қатары көбеюде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгінде Қызылорда облысында полицейлер династиясын құрап отырған отбасылар баршылық, солардың бірі – қызметке адалдық танытып, қоғам тыныштығы жолында күннің ыстық-суығына қарамастан еңбек етіп, қашанда темірдей тәртіпке бағынатын Төлегеновтер отбасы болып табылады.
Ішкі істер органдарының ардагері запастағы полиция подполковнигі Сүйеген Төлегенов 1959 жылдың 17 қыркүйегінде Қызылорда облысы Арал ауданында дүниеге келген.
Орта мектепті бітіргеннен кейін Отан алдындағы борышын 1978-1980 жылдар аралығында Украинаның Киев қаласында өтеп, 1984 жылы Қызылорда облысы Арал аудандық ішкі істер бөліміне қатардағы милиционер болып жұмысқа қабылданған.
Ішкі істер органдарының қатарында қызмет еткен жылдары өз білімін шыңдай отырып, 2004 жылы Арал аудандық ішкі істер бөлімі бастығының қызмет істері жөніндегі орынбасары лауазымынан зейнеткерлікке шыққан.
Арал аудандық ішкі істер бөлімінде басшылық қызмет атқарып, қиындығы мол саланың ыстық-суығын бір адамдай көріп, елге үлгі болған ағамыздың ұлы Ғалымбек Төлегенов те Арал ауданының полиция бөлімінде қызмет атқарады.
Әке жолын жалғастырып, ішкі істер органдарына 2013 жылғы тамызда келген Ғалымбек Төлегенов қазіргі таңда полиция майоры. Аға тергеуші болып қызмет етеді.
Көпке сыйлы, ұжымда беделді полицейлер отбасын Арал ауданының жұртшылығы мақтан етеді.