Алаяқ әйелдер ауыл тұрғынын алдап кеткен
Қостанай облысының Бейімбет Майлин ауданында бейнебақылау камераларының көмегімен алаяқтардың әрекеттері әшкере болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алаяқтық фактісі туралы арыз полиция бөліміне 2020 жылдың 3 қарашасында Николаев ауылының тұрғынынан келіп түскен.
Ер адам өз арызында белгісіз екі әйелді жауапқа тартуды өтінген. Олар әуелі түрлі тұтыну тауарларын сату сылтауымен алдап, оның сеніміне кіріп, кейін үйіне енген.
Әңгіме барысында әйелдер жәбірленушіден номиналы 10 мың теңгелік купюраны айырбастап, содан соң тайып тұрған. Тек біраз уақыттан кейін ақшаға мұқият қараған ер адам оның жалған екенін аңғарған.
Жәбірленушінің көршілерінің қырағылығының арқасында қаскүнемдердің жеке басын анықтауға мүмкіндік туды. Олар бұл уақытта жәбірленушінің үйінің алдында ресейлік есептегі көлікті көргендерін айтты.
Сонымен қатар аталған көлікке ұқсас автокөлік бұған дейін патрульдік полиция қызметкерлеріне кезіккен. Олар сол күні шетел көлігін құжаттарын тексеру мақсатында тоқтатқан.
Елді мекендерде орнатылған бейнебақылау камералары арқылы полицейлер бұл көліктің алдымен аудан орталығына, содан кейін Тобыл кентіне барғанын анықтады.
Қысқа мерзімде сұр түсті автомобильдің қозғалыс бағыты мен тұрған жері анықталды.
Жәбірленуші алаяқ әйелдерді бірден таныды.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабының 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша тіркелген қылмыстық іс сотқа жіберілді.