Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлдық жедел уәкілдер интернет арқылы жасалған ұрлықты ашты

Петропавлдық жедел уәкілдер интернет арқылы жасалған ұрлықты ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

8 қараша күні полицияға 61 жастағы қала тұрғыны жүгінді. Ол бірер күн бұрын сауда үйлерінің бірінде банк картасын жоғалтқан екен. Оған банктен хабарласып, картаны сауда үйінің әкімшісі тауып алғанын айтқан. Әйел картасын алып, шотты тексерген кезде 23 мың теңгенің жоғалғанын анықтайды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Петропавл қ. ПБ Бірінші полиция бөлімінің қызметкерлері сауда үйіндегі бейнекамералардың жазбаларын тексереді, жазбалардан еденде жатқан карточканы бір әйелдің алғаны белгілі болды. Тәртіп сақшылары оның жеке тұлғасын анықтады. Күдікті 34 жастағы қала тұрғыны карта арқылы интернет дүкенде киім сатып алып, кейін оны тауып алған жеріне апарып тастаған. Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 2-б. 4-т. (Ұрлық) бойынша енгізілді. Күдіктіге қатысты міндетті келу түріндегі мәжбүрлеу шарасы тағайындалды.

– Интернет-ұрлықтарының интернет-алаяқтықтан ерекшелігі –  қаскөйлер электрондық шотқа қол жеткізу үшін жәбірленушілермен қарым-қатынас жасамайды, – деді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Петр Климов. – Интернет-ұрлықтан сақтану үшін банк карталарына және оның реквизиттеріне, яғни нөмірі мен сырт жағындағы CVV-кодына бөтен біреулердің қол жеткізуіне мүмкіндік жасамау керек. Әсіресе, төлемді пин-кодсыз жасайтындар, яғни WiFi функциясымен жабдықталған банк карталарының иелері аса сақ болулары тиіс. Сондай-ақ, банк қосымшасы арқылы интернеттегі сатып алуларға лимит орнатқан жөн, карта жоғалған немесе қолды болған жағдайда қаскөйлер оны интернет-дүкендерде пайдалана алмайтын болады.

Жыл басынан СҚО-да 25 интернет-ұрлық тіркелді, оның 10-ы ашылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру