Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында полицейлер ойын залын тонаған күдіктіні ұстады

Түркістан облысында полицейлер ойын залын тонаған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жетісай АПБ-нің кезекші бөліміне ойын залдарының бірінің операторын тонап кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына бірден полицияның жедел-тергеу тобы шықты. Полицейлер кассада тұрған жас қызға мекемеге келуші шабуыл жасап, 170 мың теңгесін күшпен тартып алып, белгісіз бағытта жасырынғанын анықтады.

Аталған жайт аудандық полиция бөлімінің СДТБТ-не ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша тіркеліп, күдіктіні іздеуге кірісті. Жедел уәкілдер бейнебақылау камераларын тексеріп, куәгерлерден жауап алып, жақын маңдағы көшелерді, қонақ-үйлерді және басқа баруы, мүмкін жерлерді қарап шықты. 10 күнге созылған жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Жетісай АПБ полицейлері күдіктіні Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен ұстады. Ол бұрын сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты. Айғақты зат ретінде ақша алынып, заңды иесіне қайтарылды.

Тергеу барысында жігіттің ойын автоматтарына ақша ұттырғаны және оператордан өзінде қалған 20 мың теңгесін ұсақтап беруді сұрағаны анықталды. Жас қыз ақша ұсақтап берген. Осы сәтте күдікті келушілердің жоқтығын пайдаланып, жәбірленушіден 170 мың теңгесін тартып алып, Шымкент қаласына қарай қашып кеткен.

Қазіргі уақытта тонау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Полиция қызметкерлері ұсталған адамның басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуға және өз мүлкін қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Тәртіп сақшылары мекемелер мен басқа үй-жайлардың иелеріне бейнебақылау камераларын, күзет дабылы мен терезелерге темір торлар орнатуды ұсынады. Егер сіз біреудің мүлкін тонаудың немесе ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» нөміріне хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру