Көксу ауданының полицейлері малын қараусыз жіберген тұрғындарға қатысты шараларды күшейтті
14 қараша күні Алматы облысының Көксу ауданына қарасты Мұсабек ауылдық округінің тұрғындарына аудандық полиция, прокуратура органдарының басшылығы келіп, мал ұрлықтарының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көксу ауданы әкімінің қолдауымен әр ауылдық округте қараусыз малдарды қамайтын қоралар ұйымдастырылып, ауыл әкімдері мен учаскелік полиция инспекторлары алдағы уақытта қараусыз жүрген малдардың аталған қораларға қамалатыны туралы айтты.
– Мал ұрлықтарының алдын алу үшін иесіз малды қамауға мәжбүрміз. Өйткені, қаңғырып жүрген мал кез-келген ұрының оңай олжасы екені белгілі. Қамалған мал үшін акт жасалып, иесі анықталады. Мал иесіне екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. «Мал ұрлығы» жедел – алдын алу іс-шарасы барысында 15-тен астам тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылса, кейбір тұрғынға ескерту берілді, – деді Көксу ауданы Полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Нұрболат Төлебаев.
Полицейлер жайылымда қараусыз жүрген малдардың көлденең көк аттының жетегінде кетуімен қатар, автожолда көлік апатына әкелуі мүмкін екенін айтты.
– Қараусыз мал автожолдарға шығып, жол-көлік апатына себепкер болатын жайттар кездеседі. Биыл мал қағудың 10 дерегі тіркелді. Соның салдарынан жолаушылар түрлі дене жарақаттарын алды. Мал ұрлықтарына қатысты қылмыстарға жол бермеу және түнгі мезгілде малдардың жолға шығып кетпеуін қамтамасыз ету мақсатында малды қараусыз жібермеуді сұраймыз», – деп толықтырды Нұрболат Төлебаев.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысының аумағында мал ұрлықтарының алдын алуға және заңсыз мал және ет өнімдерін тасымалдауды болдырмауға бағытталған «Мал ұрлығы» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр.