Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда қаржылық сауаттылық туралы оқытқан алаяқ ұсталды

Алматыда жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің директоры аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Күдікті азаматша биржалық саудамен айналысатын жалған компаниялар мен сайттар құрған. Қазіргі таңда оның қылмыстық әрекеттерінен зардап шеккендер саны 725 адамға жетті.

– Күдікті қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша семинарлар өткізіп, онда ол өз аудиториясын ақшаны қазіргі уақытта пайдалы акцияларда сақтау керек деп сендірген. Алаяқ мұндай әрекеттермен іс жүзінде ұзақ уақыт айналысқан адам ретінде әдемі және сауатты айтқандықтан, келушілер оған сенген.  Алданған азаматтарға ол акционер болуды және биржалық саудалық активтерге инвестициялау арқылы ақшаларын көбейтуді ұсынған. Жоспар бойынша салымшылар салынған қаражаттан 40% пайда алуы керек болатын. Идеяны жүзеге асыруға виртуалды платформа қажет болған және ол үшін «инвесторларға» логин мен пароль беріліп, электронды әмиян тіркелген «itrade» сайты қолданылған. Олар іс жүзінде өздерінің салынған қаражатының және алынған кірістердің сомаларын көргенімен, бұл тек монитордағы сандар ғана еді. Инвестициялар белсенді «қаржыгердің» қалтасына түскен, – деді Алматы қалалық Полиция департаменті Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Мұхамедәлі Сейсенұлы.

Тергеу барысында аңғал азаматтардың инвестиция ретінде 500-ден 30 мың АҚШ долларына дейін салғаны анықталды.

Салымшылардың ешқайсысы уәде етілген пайда тұрмақ, өз ақшаларын алмаған.

Қаржылық сауаттылықты үйретіп жүрген азаматша бастапқыда алынған ақшаны төлеуді және қайтаруды жоспарламаған.

Оның қылмыстық әрекеттерінің салдарынан 2019 жылдың қаңтарынан бастап жәбірленуші азаматтарға жалпы сомасы 180 мың АҚШ долларынан астам материалдық шығын келтірілген.

– Іс жүзінде зардап шеккен азаматтардың саны әлдеқайда көп болуы, келтірілген шығын мөлшері бұдан да жоғары болуы мүмкін. Күдікті сайтта жоғары кірісті пайда тапқысы келетін азаматтарды белсенді пайдаланған. Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағымен көзделген қылмыс белгілері бар аса ірі көлемде жасалған алаяқтық фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бұрын осыған ұқсас қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған, 1974 жылы туған азаматша Алматы қаласының ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Мұхамедәлі Сейсенұлы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру